Бүгін Қарағанды облыстық сотында 23 жастағы жезқазғандық экс-полицей Төлеген Игібековтің апелляциялық шағымы қаралды. Ол мас жүргізушіні шапалақпен ұрғаны үшін сотталған болатын. Бұл туралы nv.kz порталы хабарлады.
Дереккөздің хабарлауынша, апелляциялық коллегия алғашқы сот үкімін жұмсартқан. Игібеков бұған дейін 5 жылға бас бостандығынан айрылып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуі тиіс болған еді. Енді оның жазасы шартты жазаға алмастырылды.
Естеріңізге салайық, Жезқазған қалалық жол-патрульдік полициясының инспекторы Төлеген Игібеков 2015 жылдың желтоқсанында сотталған болатын. Ол жол ережесін бұзған мас жүргізушіні медициналық сараптама орталығына алып келгенде жүргізуші оған зәрін шашып жіберген еді. Ашуға булыққан полицей оның шапалағынан тартып жіберген. Бұл сәт тіпті, бөлмедегі бейнекамераға да жазылып қалған.