Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік оқиға барысында қаза болған оңтүстікқазақстандық Сапар Досполдың жерлеу рәсіміне қатысып, отбасына көңіл айтты.
«Жастығына қарамай, жауынгер әскери борышын өтеу кезінде қайсарлығы мен отансүйгіштік қасиетін таныта білді. Досболдың өлімі - отбасына ғана түскен ауыр қаза емес. Бұл бүкіл Оңтүстүстік жұртына және күллі Қазақстан халқының жүрегіне түсіп отырған үлкен қайғы. Ол өзінің артына өшпес із қалдырды. Оның жарқын бейнесі біздің жадымызда әрдайым сақталады»,-деді аймақ басшысы.
Ұлттық ұлан сарбазын соңғы сапарға облыс әкімімен бірге, ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов, ОҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері мен Шымкент әскери комиссариатының әскери қызметкерлері шығарып салды.
Шардара ауданында өткен қаралы жиынға жиналған көпшілік сарбаздың Отан алдындағы борышын абыроймен атқарғанын айтып, жас батырлардың қазасы орны толмас қайғыға душар еткенін жеткізді.
Естеріңізге салсақ, Қарулы күш Ақтөбе қаласындағы Ұлттық ұланға жасаған шабуыл кезінде 3 әскери қызметкерді мерт қылған болатын. Қайтыс болған сарбаздардың бірі Сапар Доспол - біздің жерлесіміз еді.
Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген Сапар Досбол 1997 жылы Шардара ауданы, Көксу ауылында туылған.
Жауынгердің отбасына облыс әкімдігінің атынан 5 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек берілетін болады. Сонымен қатар, әкімдік ауылдың бір көшесіне сарбаздың есімін беру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсынысты ҚР мәдениет министрлігіне жолдамақ.