Алматы облысындағы тауда жоғалып кеткен 2 жасар бала аман-есен табылды деп хабарлайды Today.kz Алматы қалалық ТЖД-ға сілтеме жасап. Сәби Іле-Алатау ұлттық паркіндегі Қаскелең шатқалында 14 маусымға қараған түні жоғалып кеткен.
Құтқарушылар осы маңда орналасқан үйдің айналасын түгелдей шолып шыққан. Іздеу жұмыстарының радиусы 2 шақырым аумаққа дейін созылыпты. Таңға қарай құтқарушылардың қатары тағы 13 адаммен және иіссезгіш екі итпен толықты. Араға аз уақыт салып жол бойынан сәбидің аяқ киімі табылған.
"Сағат 10:35-те іздеу топтарының бірі тауға жақын орналасқан жердегі бұталардың арасынан жоғалған баланы тапты. Ол тастардың арасында жатып ұйықтап қалыпты. Сәбиді қараған Республикалық жедел-құтқару тобының дәрігері оның өміріне ешқандай қауіптің төнбегенін анықтады. Оның денесіндегі жеңіл жарақаттар жақын күндері жазылып кетеді", - дейді Алматы қалалық ТЖД-нің өкілдері.
Құтқарушылар баланы ата-анасына қайтарып берді. Мамандардың айтуынша, егер сәби тау өзенінің жанына дейін жетіп, сол жерде түнеген болса, түнгі суықтан оның аман қалуы екіталай болған.