Алматыда пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үш адам пәтерлерге кіріп, құнды заттарды ұрлайтын болған. Олардың 11 қылмыстық эпизодқа қатысы бары анықталды.
«Ұсталғандардың үшеуі де Алматы облысының тұрғындары. Олардың екеуі бұрын мүліктік қылмыстар жасағаны үшін сотталған. Күдіктілер осыдан бір күн бұрын Қабанбай батыр көшесінде орналасқан пәтерлердің біріне ұрлыққа түскеннен кейін ұсталды. Оңай ақшаға құныққан олар ақша мен құнды мүліктерді алып кеткен. Ұрланған заттар тәркіленді. Қазір олардың Алматы қаласының аумағында жасалған 11 қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды»,– деді Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Сонымен қатар, ұсталған қылмыстық топты Астна мен Шымкент қалаларының полицейлері де іздеп жатқаны белгілі болды.