23.06.2016, 03:54

Белгілі саясаттанушы Президент әкімшілігін "сасықкөлге" теңеді

Күні кеше Мемлекет басшысы Ақордада бірқатар ауыс-түйістер жасағаны белгілі. Билік сахнасына жаңа кадрлар шыққан жоқ, тек 15-20 жылдан бері ел басқарып келе жатқан 4 шенеуніктің орны ғана алмасты.

Осы күнге дейін екі қайтара Астана әкімі болған Әділбек Жақсыбеков екінші рет Президент Әкімшілігіне басшы болып тағайындалса, бұл лауазымды иеленіп келген Нұрлан Нығматулин де екінші рет Мәжіліске спикер болып сайланды. Бұған дейін Инвестициялар және даму министрі болып келген Әсет Исекешев Астана әкімі болса, осы ведомствода вице-министр болған Жеңіс Қасымбек министр болып тағайындалды. Бары осы.

Елімізге танымал саясаттанушы Досым Сәтпаев болса бірер ай бұрын Елбасының Жақсыбековке ұрысқаны осы ауыс-түйістермен тікелей байланысты болуы мүмкін екенін айтады. Естеріңізде болса, ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықты тексерген Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі елорда басшысы Әділбек Жақсыбековті әбден сөккен болатын. Басты себеп - Астана іргесіндегі "сасықкөл" атанып кеткен Талдыкөл мәселесінің осы күнге дейін шешілмеуінде еді. Елбасы: "Талдыкөл басына киіз үй тігіп, өзіңді сол жерге тұрғызамын" деп Астана әкіміне шүйліккені есімізде.

Досым Сәтпаев болса Президенттің бұл сөздері тікелей мағынада айтылмағанына сенімді.

"Әрбір кәсіби топтардың өздеріне тән тілі (сленг) болады. Сол секілді биліктің де өз тілі бар. Мәселен, 01 жуырда сол кездегі Астана әкімін Талдыкөл маңына киіз үй тігіп, сонда көшіремін деп шүйліккен еді. Шындығында ол ПӘ-ні (Президент әкімшілігі - авт.) меңзеген еді", - деп әзілдеді Д.Сәтпаев өзінің Facebook-парақшасында.