Жыл басында Астанадағы медуниверситеттің 6-курс студенті Ерасыл Әубәкіровті өлтірді деген күдікпен ұсталған төрт күдіктінің бірі Аян Мейірбаев қамаудан босатылды. Бұл туралы Today.kz қалалық прокуратураға сілтеме жасап хабарлайды.
"ҚР ІІМ-нің тергеу департаментімен, атап айтқанда, тергеу тобының жетекшісі К.Дүмшебаевпен А.Мейірбаевты қамауға алу туралы шешім күшін жойды. Қазіргі таңда А.Мейірбаев қылмыстық іс бойынша күдіктілердің қатарында. Аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тергеу ісінің құпия жүруіне байланысты өзге деректер айтылмайды", - делінген прокурорлар таратқан хабарламада.
Ал, 22 маусым күні сот қалған үш күдіктінің қамауда ұстау мерзімін созған.
Естеріңізге салайық, атышулы қылмыстық іс ағымдағы жылдың 3 ақпанында орын алған еді. Осы күні кешке Астананың сол жағалауына кеткен Ерасыл із-түссіз жоғалып, полицейлер 10 ақпан күні оның өлі денесін тапқан болатын. Артынша тәртіп сақшылары Аян Мейірбаев бастаған төрт күдіктіні қолға түсіріп, қамауға алды. Оларға жәбірленушіні азаптап өлтірді деген айып тағылып отыр.
Қылмыскерлер Ерасыл Әубікіровті қаладағы жалдамалы коттедждердің бірінде аяқ-қолын байлап, еркінен тыс ұстаған. Кейін оның өлі денесін қаланың сыртына шығарып, қар астына көміп тастапты.