28.06.2016, 02:52

Тоқтар Төлешов тек күзеті үшін ай сайын 60 млн теңге жұмсаған

Билікті күшпен басып алмақ болды деп айыпталған шымкенттік олигарх Тоқтар Төлешовтің қоластында жұмыс істеген қызметкерлер оның тағы біраз былығын ашты. "Шымкентсыра" компаниясының директоры ай сайын күзеті мен көліктері үшін 60 миллион теңге жұмсап келген екен. Бұл жайында зауыттың есепшісі KTK телеарнасына берген сұхбатында айтып берді.

Журналистерді зауытқа шақырған өндіріс орны директорының міндетін атқарушы, бас есепші, кадр бөлімінің басшылары мен заңгерлері Төлешовтен қорлық көріп келдік дейді. Айтуларынша, белгілі бизнесмен дүркіреп тұрған кезінде 4 әйелін сыра зауытына қағаз жүзінде орналастырып, әрқайсына ай сайын 2 миллион 200 мың теңгеден жалақы төлеп келіпті. Екі қызы да жұмысқа бас сұқпай-ақ қыруар жалақы алып отырған. Төлешовтің күзеті бар, көлігінің шығыны бар ай сайын 60 миллион теңге соған жұмсалған. Құрылтайшылары ақпанда ол қамауға алынғаннан соң ғана жағдайымыз түзелді дейді.

Светлана Лукиных, сыра зауытының бухгалтері:

- Тоқтар Төлешов 5 жыл ішінде кассадан 8 жарым миллиард теңгені сұраусыз жұмсап жіберді. Жұмысшылардың орташа жалақысы 25 мың теңгеден аспайтын. Соның кесірінен айлықты да көтере алмайтынбыз, қарызымыз да көбейіп кетті. Енді ол қамауға алынғалы бері зауыт дағдарыстан шыға бастады.