Шыңғыс Айтматовты мақтаймын деп бүкіл қырғыз халқына тіл тигізген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына видеоүндеу жолдаған әйелдерді Алмазбек Атамбаевтің өзі марапаттады. Бұл туралы Informburo.kz порталы мәлімдеп отыр. Ресей астанасында еден жуып күн көріп жүрген жерлестерінің әрекетін патриоттық және ерлік деп тапқан мемлекет басшысы оларға осылайша құрмет көрсетті.
Әйелдерді марапаттау рәсімі Мәскеудегі Қырғызстан елшілігінің ғимаратында өтті. Арнайы сыйлықтар мен құрмет грамоталарын Атамбаевтың атынан қырғыз елшісі Болат Отынбаев табыстаған.
Естеріңізге салайық, осыдан бірер ай бұрын Астанада халық алдында есеп берген Арыстанбек Мұхамедиұлы Ресейде еден жуып жүрген қырғыз қыздарын көріп, жаны ашитынын айтқан болатын. Мұнан кейін қазақ белсенділері министрдің бұл сөзі үшін қырғыз бауырларынан кешірім сұраған. Артынша, Мәскеуде жұмыс істеп жүрген қырғыз әйелдерінің министрге жолдаған видеоүндеуі жарияланды.
Рисалят Қарабаева мен Гуля Қожаеваға ақшалай сыйлық және президент атынан сувенир сыйлаған Б.Отынбаев жерлестерінің белсенділік танытқаны үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, осынау видеоматериалды әзірлегені үшін "РИА Новости" ақпараттық агенттігінің қызметкері Айгүл Ниязалиева да президент сыйлығымен марапатталды.