Бүгін ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов бастаған делегация Моңғолияға барып, Баян-Өлгей қазақтарымен кездесті. Делегация құрамында Тамара Дүйсенова, Арыстанбек Мұхамедиұлы секілді бірқатар министрлер және үкімет мүшелері бар. Олар табиғи апаттан зардап шеккен қазақтар тұратын аймақта болып, қандастарымызға гуманитарлық көмек берілетінін айтты.
Қазақстандық делегация мұнан кейін Баян-Өлгейдегі өлкетану мұражайында болып, жергілікті қазақ диаспорасының жұмысымен танысты. Біздің үкімет мүшелері Ұлан Батырда өтетін XI АСЕМ саммитіне де қатысады. Сол үшін олар қазір Моңғолия астанасына жол тартты. Бұл туралы Pm.kz порталы хабарлап отыр.
Осынау жаңалықтың жарияланғаны сол екен, Мәдениет министрі А.Мұхамедиұлының қырғыз гастарбайтерлері туралы айтқан сөзі еске түсті. Биыл халық алдында есеп берген ведомство басшысы Мәскеудегі дәретханаларды жуып жүрген қырғыз қыздарын көріп, оларға жаны ашитынын айтқан болатын. Министрдің бұл сөзі халықаралық деңгейдегі дауға ұласа жаздады. Қырғыз халқы Мұхамедиұлының осылай айтқанына реніш білдірсе, Мәскеуде жұмыс істеп жүрген қырғыз әйелдері біздің министрге арнайы видеоүндеумен жауап қайтарды.
Енді Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлан-Батырдың дәретханаларын тазалап жүрген қыздардың ұлтын сұрап, оларға да жанашырлық танытып жүрмесе болғаны.
Азамат ЕСЕНОВ