ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер сотталған Ермек Нарымбаевтың қалай шекара асып кеткенін білмейтіндерін мойындады. Бұл туралы Informburo.kz порталы хабарлап отыр.
"Азамат Нарымбаев Ермек Ерсайынұлының Қазақстан Республикасы шекарасының өткізу бекеттерінен өту фактісі тіркелмеген. ҰҚК Шекара қызметі бұдан өзге ешқандай ақпаратпен бөлісе алмайды", - дейді ҚР ҰҚК ШҚ бас штабы басшысының міндетін атқарушы Олег Колесников тілшілерге берген сұхбатында.
Ал, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов болса орын алған жайтқа байланысты қандай да бір пікір білдіруден бас тартуда.
Украина астанасы Киевте жүрген Нарымбаевтың өзі болса мемлекеттік орган қызметкерлерінің "босаңсуының" арқасында шекарадан қиналмай өтіп кеткенін мәлімдеді.
"Бізді шекарашылар байқап қойды, атып тастайды ма деген қауіп болған. Бірақ, құдайға шүкір, біз тікенді сымның астынан өтіп, шекара астық. Бірінші рейспен ұшып кеттік, 4-5 күн шамасында Киевке де жеттік", - деді Ермек Нарымбаев.
Айта кетейік, биыл жыл басында Алмалы аудандық соты Нарымбаевты ұлттық араздықты тудырды деп айыптап, үш жылға бас ботстандығынан айырған болатын. 30 наурызда Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы істі қайта қарап, оның жазасын бостандығын шектеумен алмастырды. Ол құзырлы органдардың рұқсатынсыз тұрғылықты мекен-жайын тастап кетпеуі тиіс еді.