Алматыда полиция бөліміне шабуыл жасап, алты бірдей адамды өлтірген Руслан Күлікбаевтың әйелі марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады. KTK арнасының тілшілеріне сұхбат берген ол күйеуінің бес уақыт намаз оқитынын, дін жолында жүрген адам екенін де жасырған жоқ.
Полицейлер Күлікбаевтың әйелін әлі де тергеп жатыр. Байқоңыр қаласынан арнайы жеткізілген Аяулым Үмбетқұлованы тәртіп сақшылары 7 сағат бойы сұрақтың астына алыпты. Жалдамалы пәтердің мекен-жайын айтқан да осы келіншек екен. Оның айтуынша, дін жолындағы күйеуінің қандықол қылмыскер екенін білмеген. Тіпті, Русланның адам өлтіргенін де телеарнадан көріпті. Сондықтан қара жамылған отбасылардан күйеуі үшін кешірім сұрады.