26.08.2016, 04:40

Қарағанды облысында тағы екі адамнан сібір жарасының белгілері анықталды

Ақтоғай ауылының екі тұрғыны сиыр сойғаннан кейін қолдарына жара шыға бастаған. Қазір олар қатаң бақылауда.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың күйдіргімен ауырғаны әлі 100 пайызға дәлелденбеген. Дегенмен, алдын ала сақтанып, оларды оқшаулаған дұрыс дейді. Өйткені, өңірде бұған дейін де сібір жарасымен ауырған бірнеше адам тіркелген болатын.

"Диагноз әлі қойылған жоқ. Алайда, бұған дейін бізде болған жағдайды ескеріп, дәрігерлер кез-келген белгіге сақтықпен қарайтын болды. Сондықтан, кейін өкініп жүрмеу үшін алдын алып жатыр. Бізде әзірге тек күдік қана бар. Бұған дейін жұқпалы аурулар ауруханасына осы күйдіргі диагнозымен түсіп, артынша күдіктері расталмаған бірнеше жайт тіркелген", - дейді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.

Айта кетейік, маусым айының соңында Қарағанды облысының Еркіндік ауылында сібір жарасын (күйдіргі) жұқтырған бірнеше адам тіркелген болатын. Артынша елдімекенде төтенше жағдай жарияланып, ауылға кіріп-шығар жолдар жабылды. Ал, шілде айының ортасында осы аурумен ауырды деген науқастардың барлығы облыстық ауруханадан емделіп шықты. Тек, 50 және 33 жастағы екі тұрғынының өмірін дәрігерлер аман сақтап қала алған жоқ.