Маңғыстаудағы «Шадвал» би ансамблінің жас солисі Мурад Оруджовтың есімі бұрындары тек өз ортасында ғана танымал болатын. Ал, бүгінде ол ақтаулықтар арасында атақты бишіге айналып отыр. Грузияның курортты Саирма қаласында өткен таланттар байқауына қатысып, бірінші орынды иеленген жерлесіміз кавказ биімен тау халықтарының өзін таң қалдырыпты. Бұл туралы «Шадвал» ұжымының жетекшісі Алик Мұстафаев айтып берді.
Халықаралық байқауға Грузия, Молдова, Белорусь, Әзірбайжан және Қазақстаннан келген 25 жас талант қатысқан. «Шадвал» би ансамблінің солисі туралы ұжым жетекшісі былай дейді:
- Мурадтың ансамбльде жүргеніне бірнеше жыл болды. Ол өте еңбекқор және талантты бала. Өзінің өнердегі жолын еңбегімен жарқын еткен Мурадты үлкен болашақ күтіп тұр, ол өзгелерге осынысымен үлгі бола алады. Яғни, еш таныссыз, ақшасыз үлкен жетістікке қол жеткізіп отыр. Әрине, мұның бәрі алғырлығының арқасында. Оның Кавказға барып, кавказдық бимен топ жаруы біз үшін үлкен мақтаныш. Қазақстандай отанымыздың атынан халықаралық сахнада өнер көрсетіп, елге абыроймен оралдық, еліміздің атын тағы бір шығардық. Енді бұл жетістікпен шектеліп қалмай, бұдан да үлкен асуларды бағындыру үшін Мурадтың өнерін шыңдай беретін боламыз, - дейді Алик Мустафаев.
Айта кетейік, «Шадвал» ансамблі ақтаулықтар арасында кеңінен танымал. Оның құрылғанына бүгінде 13 жылдан асып отыр. Топ атауының қазақша аудармасы «мол қуаныш» деген мағынаны береді. Ұжым жетекшісінің айтуынша, ансамбль әуел баста кішкентай үйірме болып ашылған екен. Ал, қазір оның құрамында ақтаулық 300-ден астам ақтаулық жас талант бар.