17.08.2016, 09:27

Ақтауда балалар үйінің тәрбиеленушілерін кәсіпке баулып жатыр

Электрик, кеңсе менеджері, программист және өзге де қоғамға қажетті мамандықтарды енді ақтаулық балалар үйінің тәрбиешілері мен бұрынғы сотталушылар оқып игере алады. «Рай» әлеуметтік көмек көрсету орталығында бұл азаматтар тегін оқытылады. Бұл туралы аталған орталық директоры Райхан Бекманова хабарлап отыр.

«Рай» шұғыл әлеуметтік көмек көрсету орталығы Ақтауда өткен республикалық әлеуметтік жобалар мен идеялар жәрмеңке-байқауында жеңімпаз атанды. Жетім балалар мен бұрынғы сотталушыларды оқыту жобасы аталған байқауда ең үздік деп танылған болатын.

- «Рай» орталығы аспаз, шаштаразы, электрик, кеңсе менеджері, бухгалтер, программист мамандықтары бойынша оқыту жұмыстарын бастады. Мұның бәрі Маңғыстау облысында БҰҰ-ны дамыту бағдарламасының, Тұңғыш Президент қорының арқасында жүзеге асуда, - деді Райхан Бекманова.

Орталық директорының айтуынша, жобаның басты мақсаты – азаматтарды тек тегін оқыту ғана емес, оларды әрі қарай жұмысқа орналастыруға да көмектесу.

- Республикалық жәрмеңкеде біз балалар үйінің бітірушілеріне көмектесуді ұсындық. Олар ересек өмірге қадам басқан кезде қаншама қиындықтармен бетпе-бет келетінін білесіздер. Біздің мақсат – оларға осы кедергілерден өтіп кету, мына өмірге бейімделу. Дәл мұндай проблемамен түрмеден шыққан жастар да ұшырасады. Жобамыз баршаға ұнады, бірауыздан жеңдік, - дейді Р.Бекманова.

Ақтауда халық арасында жоғарыда аталған мамандықтар үлкен сұранысқа ие болса да, оны оқитындар көп емес. Жастардың көбі әлі де болса заңгер, экономист сынды мамандықтарды таңдайды.