09.08.2016, 06:31

Интернеттің жұлдызына айналған ақтаулық жас жігітті мейрамханалар жұмысқа шақыруда (ВИДЕО)

Ақтауда көлік жуумен айналысатын 22 жастағы Жомарт Тыныштықтың бір-ақ күнде бүкіл Қазақстанға танымал болып шыға келгені есте. Өзінің қайталанбас ерекше биімен Интернет желісін «жарған» жас жігітті бүгінде қаладағы ірі мейрамханалар жұмысқа шақырып жатқан көрінеді.

Аталған бейнероликте Жомарт бетіне маска киіп, танымал Goodbye әніне билеген. Алғашында бейтаныс жігіттің кім екенін білуге асыққан әлеуметтік желі пайдаланушылары видео авторынан биші туралы ақпарат беруді ашық талап етті. Артынша оның Жомарт екені белгілі болып, көлік жуушы жас жігіт аяқасты танымал тұлғаға айналып шыға келді.

- Мен оның билеген кезде денесінің иілгіштігін көріп таң қалдым. Маған оның биі ұнап, дереу ұялы телефоныма түсіріп алдым. Кейін өзінен сұрадым, интернетке салсам қарсы емессің бе деп. Ол болса маскасын киіп, интернет қолданушылары үшін басынан билеп берді. Дәл осы күні мен Жомарттың мейрамханадағы отбасылық мерекеде өнер көрсетуіне атсалыстым, - дейді Ербол есімді видео авторы.

Оның айтуынша, видео интернетке жүктелген алғашқы күні-ақ роликті 110 мыңнан астам адам тамашалаған.

Жомарт Тыныштықтың айтуынша, электробиді ол осыдан 5 жыл бұрын интернеттен үйренген екен.

- Алғашында сол кезде танымал болған «Jabbawockeez» тобына көп еліктедім. Олардың бидегі қимылдарын қарап, соны қайталауға тырысатынмын. Кейін үйреніп кеттім. Ал, достарыма, таныстарыма бұл би ұнайды, той-жиындарда билеуімді сұрайды бәрі», - дейді Жомарттың өзі.

2013 жылы ол қалалық «Минута славы» байқауының жеңімпазы атанған екен. Алайда, өнерін одан әрі дамытуға уақыты болмапты. Енді биылдан бастап өз кәсібін ашқан жас жігіт өнерге уақыт бөліп, өз көрермендерін одан әрі қуанта бермек.