06.08.2016, 10:34

Астанада өткен зияткерлер жарысында ақтаулық жас дарындар жүлделі оралды

Астанада өткен халықаралық «Не? Қайда? Қашан?» зияткерлер байқауына барлығы 40 команда қатысқан. Ақтаулық Фарит Әліби мен Руслан Шуканов құрамында болған топ бұл жарыста 15-орыннан көрінді.

«Не? Қайда? Қашан?» зияткерлік ойынының «Екінші Еуразиялық кубогі» елордада 23-24 шілде күндері аралығында өтті. Білімдерімен сынасуға барлығы 40 команда жиналған. Ақтаудан барған қос өрен туған жерге құр қол қайтқан жоқ.

- Отандық ұйымдастырушылар ұйымдастыру жұмыстарын да, қаржыландыру мәселесін де жақсы жүзеге асырды. Соның нәтижесінде Клубтардың халықаралық қауымдастығы осынау зияткерлік ойынның 2017 жылғы әлем біріншілігін Астанада өткізуге шешіп отыр. Осылайша, Қазақстан зияткерлік ойындар әлеміндегі ең беделді жарыстардың бірін өзінде қабылдайды. Жалпы, Астанада өткен байқау өте сапалы, сұрақтары өте тартымды болды, - дейді Фарит пен Руслан жарыс жайлы.

Маңғыстаулық команданың толық жасақталмауына байланысты ақтаулық дарынды жастар астаналық командамен бірігіпті.

- 15-орын үшін қуанып отырғанымыз жоқ әрине. Тек «Брейнг-ринг» жарысында қола алғаным көңілді көтеріп тастады. Бұл сайыста мен Германия мен Чехияның командасын жеңіп, жүлдеге қол жеткіздім. Сондай-ақ, Өзбекстаннан келген мықты командағы да артқа тастадым, - дейді Фарит Әліби.

Айта кетейік, Ақтауда «Не? Қайда? Қашан?» ойыны әр жексенбі күні «Арман» жастар орталығында өтеді. Күзгі лига қыркүйек айында басталады дейді Руслан мен Фарит. Қатысамын деушілер өз командасын жасақтап келуге немесе жалғыз келіп өзге командаларға қосылуына болады.