$ 494.87  520.65  4.91

Назарбаев зияткерлік мектебі жас тележурналистерді даярлауда

Бұл үшін білім ордасында барлық жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, қажетті қондырғылармен жабдықталған жеке телестудия бар. Мұнда болашақ жас журналистер өзін эфирде ұстау мәдениетін үйренеді.

Телестудия үйірмесінің жетекшісі Рыскүл Рамазанованың айтуынша, қызығушылық танытқан мектеп оқушыларының саны күн санап өсіп отырған көрінеді.

«Қазір телестудиямызға 11 оқушы келіп жүр. Олар мектепте болып жатқан оқиғаларды видеоға, фотоаппаратқа түсіріп, өздерінше жаңалық жасайды. Мектепте болып жатқан маңызды шаралардың ортасынан табылады. Егер оқиға орнына уақытыл бармаса жаңалықсыз қалатынын түсінеді. Сондықтан, үнемі жоспарлы түрде жұмыс істейді. Өзіміз жоспарлы жиын өткіземіз, ол 15-20 минутқа созылады. Бастысы, жас журналистеріміз жауапкершілік дегенді сезініп келеді. Бұл болашақта кәсіби маман болуларына көмектесетін бірден-бір қасиет», - дейді Р.Рамазанова.

Жетекшілерінің бақылауымен оқушылар кәсіби бағдарламалар әзірлеп, бейнематериалдарды монтаждап үйренген. Сондай-ақ, жүргізуші болғысы келгендер де бар. Куратор болашақ журналистке қажетті дағдының бәрін үйретуде.

Оқу тек мектеп қабырғасында өтпеуі үшін үйірме шәкірттері сыртта өтетін түрлі шараларға да қатысып отырады. Мәселен, биыл маусым айында Астанада өткен «Қалам күші» медиафорумына Ақтаудағы зияткерлік мектептің бірнеше оқушысы барып келді. Аталған шара барысында жас шәкірттер «Қазмедиа» орталығындағы телеарналар мен радиолардың кеңселерінде болып, жұмыстарымен етене танысты. «24kz» телеарнасының тілшілері ізбасарларына шеберлік класын өткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары