27.08.2016, 04:52

Ақтауда зорланған 6 жасар қыз Астанаға жеткізілетін болды

Педофилдің құрбанына айналған 6 жасар ақтаулық қыз Астанаға жеткізілетін болды. Елордадан келген дәрігерлер тобы осындай шешім қабылдап отыр деп жазады "Тумба" порталы. Дәрігерлердің айтуынша, қыздың жағдайы бірқалыпты ауыр күйде қалып отыр. Дегенмен, нашарлау динамикасы жоқ.

"Біз баланың ауыру тарихымен танысып шықтық. Диагноз қойылды. Өміріне қауіп әлі де сақталып отыр. Қыз хал үстінде. Оған Астанадағы Ана мен бала ғылыми орталығында мамандандырылған көмек көрсетілу керек. Сәби бүгін әуе жолы арқылы елордаға жеткізіледі", - дейді Ана мен бала орталығының балалар дәрігері Болат Жұманиязов.

Естеріңізге салайық, оқиға Ақтауда 20 тамыз күні орын алған болатын. Дүкенде сатушы болып істейтін әйелдің қасында ойнап жүрген немересін белгісіз ер азамат ұрлап кетіп, саяжайға апарып зорлаған. Күдікті ретінде ұсталған Өзбекстан азаматының кінәсі дәлелденбегендіктен, жергілікті билік өкілдері педофил туралы ақпарат берген адамға қомақты сыйақы беретінін мәлімдеді.

Күдікті дүкендегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Оның жасы шамамен 35-40 аралығында. Педофилді көрген куәгер бар. Айтуынша, ол Daewoo Nexia маркалы көлікке мініп кеткен.