Қоғам белсенділері Макс Боқаев пен Талғат Аян сотқа дейінгі тергеу ісі аяқталғанша тағы 1 ай уақытша ұстау абақтысында отырады. Бұл туралы "Ақ жайық" газетінің тілшілері хабарлап отыр.
31 тамыз күні екеуінің де қамауда ұстау уақытының аяқталатыны белгілі. Осыған байланысты Атыраудағы уақытша ұстау абақтысында сот отырысы болып, судья белсенділерді тергеу аяқталғанша тағы 1 ай қамауда жатсын деп шешті.
Айыпталушылардың қорғаушылары аталған сот отырысына біраз дайындалып келгендерін көрсетті. Олар Боқаев пен Аянға тағылып отырған айыптардың негізсіз екенін тағы да айтып, өзге қоғам белсенділері қол қойған үндеуді оқып берді. Алайда, судья айтылған деректердің ешбірін назарға алмай, қос күдіктінің мерзіміне тағы мерзім қосып берді.
Енді адам құқықтарын қорғаумен айналысып жүрген бір топ азамат Қазақстан үкіметіне хат жазып, Талғат Аян мен Макс Боқаевты босатуын талап етпек.
Естеріңізде болса дәл осы мәселені Жер туралы комиссияның отырысында ақын Мұхтар Шаханов та көтерген болатын. Ол Боқаев пен Аянды ұлт жанашыры деп бағалап, оларға бостандық берілуін талап еткен.
Макс Боқаев пен Талғат Аянға биыл Атырауда болған митингті ұйымдастырды деген айып тағылып отыр.