Елордада көктем шыққалы бері жол мәселесі таусылар емес. Қаланың қақ ортасында асфальттің ойылып қалғанына наразы болған тұрғындар, елорданың шеткі маңындағы үйлерге апаратын жолдың да жағдайы мәз емес екенін алға тартады, деп жазады kaz.nur.kz. Ал Үркер мен Ильинка ықшам ауданы ортасындағы Астана тұрғын-үй кешенінің тұрғындары тіпті аялдамаға апаратын жолдың жоқтығын айтады. Олар әкімдіктен қыста қар, жазда су басып қалатын шиеттей жолға асфальт төсеулерін сұрап отыр.
Елордалықтар наразылығын желідегі танымал парақшалардың біріне жариялаған. Онда жолдың арғы бетіндегі аялдамаға жету үшін, тұрғындар балшыққа белшесіне батқан шиеттей жолға тақтай төсеп қойғанын анық көруге болады. Үркер және Ильинка ықшам аудандары арасында орналасқан Астана көп қабатты тұрғын-үй кешенінің тұрғындары қанша рет үйге әкелетін жолға асфальт төсеуін сұраған. Сол сияқты Исатай және Баян батыр сияқты басты көшелердің арасында орналасқан Үкілі Ыбырай көшесінің жолына да жөндеу жұмыстары керек. Бұл жол қыс бойы қардың астында жатып, көктемде саз-батпақ пен судың астында қалды.
«Өкініштісі, бұл басты жолға, аялдамаға апаратын жалғыз жол. Көп болып аталған мәселенің шешімі табылса екен дейміз. 2020 жылы бұл мәселе бойынша ikomek-ке де шағымданған болатынбыз. Олар 50 метрлік жолды 2021 жылы жөндейді деп мәлімдеген еді. Енді міне, мамыр айының ортасы болды, жөнделген жолды көрмедік. Көргендеріңіздей суретті де, видеоны да жолдап отырмыз. Онда бұл жолмен жүру мүмкін емес екенін көрген байқауға болады», - дейді қала тұрғындары.
Аталған мәселе бойынша әкімдік өкілдері түсініктеме берді. Исатай батыр көшесінен бастап Баян батыр көшесіне дейінгі аумақтағы Үкілі Ыбырай көшесінің құрылысы "Ильинка п. шығыс жағындағы жеке тұрғын-үйлердің инженерлік желісінің 3-кезегіне жатады.
«Аталған учаскеде асфальт-бетонмен құю әдісі бойынша төселетін жолдың құрылысы 2022 жылға жоспарланып отыр. Биыл маусым айының ортасына дейін тұрғындардың басты жолға алаңсыз баруын қамтамасыз ету үшін, инертті материал себіледі деп күтіліп отыр», - деп жауап берді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.