Ақтауда алты жасар қызды зорлап, қала іргесіндегі саяжайға тастап кеткен күдікті осыдан бірнеше күн бұрын ұсталған болатын. Бүгінде ол өзіне тағылған айыптарды толықтай мойындап отыр. Оның үстіне медициналық сараптама да күдіктінің педофил екенін растады деп жазады Informburo.kz.
Айта кетейік, бүлдіршінді зорлау дерегі бойынша ұсталған күдікті - 1984 жылы туған Ақтау қаласының тұрғыны. Оның үстінен қазір зорлау, адам ұрлау және өлтіруге оқталу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазіргі таңда сот-медициналық сараптама тағайындалып, педофилдің ақыл-есінің жайы анықталып жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облыстық ІІД басшысы Қайрат Дәлбеков мәлімдеді.
Полицейлер тергеудің құпия жүргізілуіне байланысты өзге ақпарат беруден бас тартып отыр. Ал, педофилге жарияланған 10 миллион теңге ешкімге бұйырған жоқ. Өйткені, күдіктіні тәртіп сақшылары тұрғындардың көмегінсіз, өз күштерімен қолға түсіріпті.
Естеріңізге салайық, 6 жасар қызды педофил 20 тамызда зорлаған болатын. Қансырап, ес-түссіз жатқан сәбиді саяжай тұрғындарының бірі тауып алып, полицияға хабар берген. Тергеу барысында анықталғаны, күдікті кішкентай қызды дүкенде әжесінің жанында ойнап жүрген жерінен ұрлап кетіпті. Қазір жәбірленушінің жағдайы әлі де ауыр күйде. Дәрігерлер оның өмір бойы мүгедек болып қалуы мүмкін екенін айтуда.