$ 498.34  519.72  4.85

Адвокат Ерасыл Әубәкіров ісінде тергеудің біржақты және әділетсіз жүргізілгенін айтты

Бұған дейін 31 арна редакциясына белгісіз біреу Ерасыл Әубәкіровті азаптап жатқан бейнероликтің стоп-кадр арқылы жасалған суреттерін жолдаған болатын. Онда марқұмға күш көрсеткен жігіттің Аян Мейірбаевқа қатты ұқсайтыны байқалады.

Айта кетейік, А.Мейірбаев алғашында Ерасылды өлтірді деген негізгі күдіктінің бірі болатын. Ол – ШҚО-дағы ірі кәсіпкердің ұлы, марқұм Е.Әубәкіровтің жерлесі. Алайда, тергеу аяқталар тұста прокурорлар Аянды қылмыстық іске қатысы жоқ деп тауып, күдіктілер қатарынан шығарып тастады.

Ал, орын алған қанды оқиғаны бейнекамераға түсірген екінші күдікті Нұрбек Әжімбайдың адвокаты болса тергеудің біржақты және әділетсіз өткенін мәлімдеп отыр. Заңгер Ерлан Ғазымжанның айтуынша, жуырда жарияланған фотокадрлар расымен де бейнероликтен алынған. Ондағы азаптаушы адамның Аян Мейірбаевқа өте қатты ұқсайтынына қарамастан құқық қорғаушылар "бай баласын" еркіндікке қоя беруі расымен де түсініксі.

"Фотосуреттер интернет арқылы тарап, баршаға мәлім болған бейнероликтен алынған. Бұл сол роликтің стоп-кадры. Басқа алып-қосарым жоқ. Тергеу біржақты және әділетсіз өтті деп есептеймін және әділдік үшін соңына дейін күресетін боламыз", - деді Ерлан Ғазымжан Informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, Ерасыл Әубәкіровтің өліміне қатысты сот отырысы биыл 2 қыркүйек күні басталған болатын. Араға бірер күн салып 31 арнаның редакциясына белгісіз біреу аталған іске қатысты фотоматериалдар жолдады. Суреттер атышулы бейнероликтен стоп-кадр арқылы алынған. Белгісіз автор осылайша Ерасылды өлтіргендер қатарында Аян Мейірбаевтың да бар екенін айтқысы келгендей.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары