$ 448.15  483.46  4.86

Алматыда вакцинация паспортын сатты деген күдікке ілінген емхана қызметкерлері өз еркімен жұмысынан кетті

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, қалалық емхана қызметкерлері құжатты 15 мың теңгеден сатып келген.

Алматыда тағы бір емхана вакциналау төлқұжатын саудаға салды деген күдікке ілінді. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, қалалық емхана қызметкерлері құжатты 15 мың теңгеден сатып келген.

Алматыдағы №4 емханада вакциналау төлқұжаты саудаланып жатыр деген ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Яғни, дәрігерлер келушілерге екпе салмаса да, төлқұжат жасап бергенін мойындайды. Бірі жалған құжатты 15 адамға дайындап беріп, әрқайсынан 15 мың теңгеден алған. Індетті жеңудің жалғыз жолын бизнеске айналдырғандар туралы қоғамдық денсаулық басқармасына да тұрғындардан шағым түсіпті.

«Бұр әрекетке барған медициналық қызметкерлер өз еркімен жұмыстан шықты. Қазір іс бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Тергеу қорытындысына сәйкес, күдіктілер тиісті жазаға тартылады», - дейді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Мақпал Сералинова.

Вакциналау паспортын табыс көзіне айналдырғандар Нұр-Сұлтан қаласында да бар. Мұндағы сауда-ойын сауық орталықтарының бірінде екпе салып жүрген дәрігерлер осындай күдікке ілінді. Олар келген адамдарды вакцина алу туралы райынан айнытқан. Есесіне, 5 мың теңгеге заңсыз паспорт жасап беруді ұсыныпты.

«Бізге заңсыз паспорт жасап беруді ұсынатын дәрігерлер туралы шағымданатындар көп. Сондай тұрғындардың бірі «Азия парк» сауда-ойын сауық кешеніне вакцина алуға барған. Мамандар оны базаға екпе алған деп енгізуді, ал іс жүзінде вакцинаны салдырмауды ұсынған. Қарағанды мен Шымкенттен де осындай шағым келіп түсті. Мұндай мәселенің туындауына кей мекемелердің қызметкерлерін екпе алуға міндеттеуі себеп деп ойлаймын», - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Еске сала кетейік, 5 мамырда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцинация паспортын сатқандардың әрбірі қылмыстық жазаға тартылатынын айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары