$ 494.87  520.65  4.91

«Алмаған ақшаның кредитін төлеп жүрміз»: Таразда 300-ге жуық адамның атынан несие рәсімдегендер жазаланбай жүр

«Тұрмыстық техника сататын дүкенге апарып, 4 банктен бір мезетте 4 несие рәсімдеді. Бізді алдады. Техника да, ақша да жоқ».
Фото: azattyq-ruhy.kz
Фото: azattyq-ruhy.kz

«Тұрмыстық техника сататын дүкенге апарып, 4 банктен бір мезетте 4 несие рәсімдеді. Бізді алдады. Техника да, ақша да жоқ».

Тараз тұрғындары Azattyq Rýhy редакциясына хабарласып, Alfa-Bank, Kaspi, Eurasian Bank және Home Credit Bank қызметкерлерінің әрекетіне шағымданды. Қарабайыр халықты алдап соққаны үшін жазасыз қалған жандардың аты-жөндерін атап, қарекетсіз отырған Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік соты мен әкімдікке наразы екендерін жеткізді.

Сонымен, редакцияға хабарласқан тұрғынның бірі – жасы 54-тегі үш баланың анасы, Тараз қалалық балалар ауруханасында санитар болып істейтін азаматша Мейрамгүл Затыбекова. Ол өзінің атынан, ол аздай үш баласының атынан несие рәсімдеуге рұқсат берген. Қарыз сомасы – 4 млн теңге.

«2019 жылы қаңтар айында Тараз қаласындағы «Эврика» дүкенінде 4 банктен несие рәсімдедік. Одан кейін, бір айдың ішінде тағы 2 несие құжат жүзінде менің атыма рәсімделді. Бірде-бір тұрмыстық техника немесе несиенің ақшасын алмадым. Тек қана сыйақы ретінде 120 мың теңге берді. «Дүкенде акция ұйымдастырылып жатыр, несиені өзіміз төлейміз, сіз сыйақыға ие боласыз» деп алдаған жандардың аты-жөні – Раушан Әділова, Маргарита Герман және Казиев Бахиджон», - дейді Мейрамгүл. 

Есімі аталған азаматтардың ішінде Мейрамгүл тек Раушан Әділованы жақсы таниды.

«Раушан ағамның баласымен бір пәтерді жалдап тұрған. «Әпкелеп» іші-бауырыма кіріп алды. Қыздарыма хабарласып, өзі отбасы мүшелерімен бірге осындай несие рәсімдегенін айтты. Банктермен жұмыс істейтін әйел екен. «Несиені өзіміз төлейміз» деп еді, алдап. Оны дүкенде отырғызып қойып, өте жылдам рәсімдеді. Құжатты оқытпай жатып, бізге тез қол қойғызды. «Сұрақ қоя бермей, тыныш отырыңдар» деді. Alfa-Bank, Kaspi, Eurasian Bank және Home Credit Bank – осы 4 банктен алынды... Есімдері аталған азаматтарды сотқа беріп, ақшалай да, заттай да ешнәрсе алмағанымызды дәлелдедік. Алайда, сот процесі созылып кетті. Бұл істің артында жоғары лауазымды адамның тұрғаны анық. Себебі, бірде бір телеарна біздің бұл ісімізді шығармайды. Ресми органдардың жауаптары сотта ескерілмейді», - дейді ашынған тұрғын.   

Мейрамгүлдің 33, 29 және 25 жастағы екі қызы мен ұлы да осы кісілерге алданған.  

«Қаңтар айында болған оқиғалардың жалғасы – сол жылы 11 қыркүйекте маған Нұр-Сұлтан қаласы, ЦОН-нан (Халыққа қызмет крсету орталығы - авт.) хабарласып отырғанын айтып, қоңырау шалды. «Сіз 2 бөлмелі пәтер алғалы тұрсыз. Атыңызда тұрған Home Credit Bank-тің 300 мың теңге несие пайызын жабыңыз» деді. Мен расымен де бұрын Тараз қаласынан үй алу үшін пәтер кезегіне тұрғанмын. Ол кісінің сөзіне сеніп, банкке барып, 300 мың теңге төледім. Шын мәнінде, тас та жоқ. Мені Home Credit Bank тағы алдады», - дейді Мейрамгүл. 

Дәл осы схема бойынша алданған жан – жасы 60-қа келген зейнеткер Тараз тұрғыны Галина Васильевна Чернолихова.

«Маргарита, Раушан, Бахиджон, Уәлихан бар – бірнеше адам «бәрі заңды» деп сендірді. Менің атыма 1,3 млн теңге несие рәсімдеді. «3-4 айда өзіміз жауып тастаймыз, есесіне сізге 200 мың теңге сыйақы береміз» деді. Ол кезде мен ақшадан қысылып тұрған едім, келістім. 7 ай өздері төледі де, артынан жоқ болды. Менің атыма Alfa-Bank 520 мың тг, Еуразиялық банк 720 мың теңге рәсімдеді. 2 ұлым мен 1 қызымның әрқайсысының атына Eurasian Bank және Home Credit Bank 1,8 млн-нан рәсімдеген. Артынан «Эврика» дүкені өртеніп кетті. Біздің полиция, Ішкі істер департаменті де бұл істе солармен бірге. Себебі, бұл іс алға жүрмейді, бір орында айнала береді. Сотта бізді тыңдады, бірақ ешнәрсе өзгерген жоқ. Бір қызығы, банк ақшаны біздің айлықтан аямай ұстап қалады, ал ұйымдастырған адамдар бізге бір тиын да бермеді. «Сот болады, күтіңдер» дегелі 3 жыл өтті. Тараз, Жаңатас тұрғындарынан дәл осы сипатта 150 арыз түскен. Бәрін ұйымдастырған осы 4 банк. Жалпы саны 300-дей адам дәл осылай алданған», - дейді Галина Васильевна.

Сотқа да, әкімдікке де барып, жалыққан жанның бірі – Светлана Сидельникова. 37 жастағы тұрғын анасы мен бауырының несие рәсімдеуге келіскенін айтты. Әрқайсысының қарызы – 1,7 млн теңгеден.

«Аудиоларды тыңдасаңыз, банк пен ұйымдастырған жаңағы 3-4 адамның бірге екенін анық түсінесіз. Әрқайсысы 2 адвокаттан жалдап алып, өздерін ақтады. Тараз қаласының №2 мамандандырылған әкімшілік соты істі қарады. Біз әкімдікке шағымданып бардық. Олар облыстық прокуратураға, одан кейін Еңбекті қорғауға сілтеді, ол департаменті Ішкі істер департаментіне жіберді. Сот жүйесі әлсіз, 300 адамнан 1,5-2 млн теңгеден рәсімдеп, алдап отырған Раушан мен оның сыбайластарына қатысты «алаяқ» деген атты таңбады. Біз тұрмыстық техниканы да, ақшаны да алмадық. Бізге соттың хатшысы шығып, «Өздеріңіз төлейсіздер, басқа амал жоқ. Алаяққа келіскен өздеріңіз кінәлісіздер» деді. Іс жабылды ма, жоқ па, білмейміз. Соза береді, оның артында мықты адамдар тұрғаны белгілі. Лауазымды адамдар – олардың «крышасы». Ақшаны жинап, байып отыр. Біз болсақ, көз жасымызды ағызып, төлеп жатырмыз», - дейді Светлана Сидельникова. 

Жәбірленушілердің бәрі банкке қолына ұстамаған, алмаған ақшасын амалсыз қайтарып отырғанын айтты. Мейрамгүл Затыбекова қазір ай сайын 22 мың теңге айлық алады екен. Бұл ақша Жамбыл ауданы, Аса ауылынан қаладағы жұмысына қатынауға да жетпейді.

«Айлығымның түкке жетпейтіні былай тұрсын, банктен хабарласып, үнемі қорқытып, үркітетін жандардан шаршадым», - дейді ол.

Сот пен Ішкі істер органдарынан күдер үзген тұрғындар енді Тараз қаласының әкімдігінен журналистер арқылы көмек сұрады. Осы ретте, қаржы маманы Айнұр Абсалямова бұл оқиғаға қатысты пікірімен бөлісіп, азаматтарға кеңес берді.  

«Мен Қазақстанның әрбір азаматына қаржылық сауаттылықты зерделеуді ұсынамын. Қазір нарықта ақылы да, ақысыз да қаржылық сауаттылық бойынша көптеген оқыту курстары, тренингтер, мастер-кластар бар. Қаржы саласында сауатты болу үшін үнемі дамып, білім алу – басты шарт. 

Тараздағы тұрғындармен болған жағдай адамдардың көпшілігі жеңіл, жылдам ақша табуға ұмтылатынын көрсетеді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, алаяқтар өмір бойы бар және бола да бермек. Заңсыз әрекет жасап, адамдардың көз жасына қалған олар сот жүзінде жазасын алады деп сенейік. Әділ соттың барына, тұрғындарды «еститін» әкімдік барына сенемін.  

Бір айтатыным, ешкім де мұндай алаяқтықтан сақтандырылмаған. Сол үшін қарапайым дүниені біле жүріңіз.

Мен Қазақстандағы екінші деңгейлі бірнеше банкімен ынтымақтастықта жұмыс істеймін. Әрбір банктің өз пайыздық мөлшерлемесі, қарау мерзімі, кредит беру мерзімі, клиенттерге деген өз бейілділігі бар.

Несие алмас бұрын, ең болмағанда қаржы кеңесшілеріне хабарласуды ұсынамын. Олардың қызмет құны 5 000 теңгеден басталады. Қаржы консультанты банк шарттары, талаптары мәселелерінде құзыретті. Осылайша, әрбір азамат өз уақытын, ақшасын үнемдеп, әр банктің талаптары туралы біле алады.

Егер адам банкке баруға шешім қабылдаса, мына сұрақтарды қойған жөн: «Сіздің талаптарыңыз Қазақстанның басқа банктерінен несімен ерекшеленеді?» және «Сіздің клиенттеріңізге деген адалдығыңыз қандай?»

Алаяқтардан сақ болу үшін, алдымен, барлық сұрақтарыңызға толық жауап алыңыз, жеке мәліметтеріңізді бермеңіз.

Несие алар кезде, «тез шешіңіз» деген ұсыныс орынсыз. Ол – алаяқтықтың басты белгісі. Барлығын салмақтап шешкен дұрыс», - дейді сату саласындағы сарапшы, қаржы маманы Айнұр Талғатқызы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары