Атышулы кәсіпкер Тоқтар Төлешовке тиесілі болған «Шымкентсыра» зауыты «АТФ Банк» АҚ-нің еншісіне өтті. Аталған кәсіпорын банкке шамамен 100 миллион доллардай қарыз болып қалған деп жазады Otyrar.kz.
2007 жылы компания атынан несие алған Төлешов екі жылдан кейін қарызын төлеуді мүлдем қойыпты. Өткен жылдың желтоқсан айында сот банк пайдасына 20 млрд теңге өндіруге шешім шығарған. Бұл қаражатты өтейтін Төлешовтің өзі түрмеде болғандықтан, оның мүлкі енді банкке өтеді.
«Сауда жүргізіп көрдік. Өкінішке қарай, зауытты сатып алуға ешкім қызығушылық танытқан жоқ. Мұнан кейін ҚР заңнамаларына сәйкес, сауда орындалмаған жағдайда, банк сот орындаушыға өтінішпен шығып, аталған мүлікті өз меншігіне өткізуді талап ете алады. Осылайша, құжаттар рәсімделіп, жоғарыдағыдай шешім шығарылды. Аталған кәсіпорын жұмысын тоқтатпайды, сыра өндірісі ары қарай жалғаса бермек. Банк тікелей өзге қызмет түрлерімен айналыса алмағандықтан, біз өз жанымыздан еншілес компания ашып, сыра зауытын толықтай соның басқаруына өткіземіз», - дейді «АТФ Банк» АҚ-нің басқарушы директоры Елдос Жұмабаев "Астана" телеарнасына берген сұхбатында.
«Шымкентсыра» басшылары тек банкке ғана емес, өз қызметкерлеріне де 600 миллион теңгедей қарыз. Ал, Төлешовтің барлық қарызы 200 миллион долларға жеткен. Құқық қорғаушылардың айтуынша, осы қарызынан құтылу үшін шымкенттік олигарх төңкеріс жасамақ болған. Алайда, қауіпсіздік қызметі өкілдерінің бұл сөзіне күдікпен қарайтындар да аз емес.
Айта кетейік, Тоқтар Төлешовке қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша ауыр кінәлар тағылып отыр. Ол төңкеріс жасап, билікті тартып алмақ болған дейді құқық қорғаушылар. Сондай-ақ, түрмеде отырса да биыл көктемде батыс облыстарда орын алған митингтерді ұйымдастырған көрінеді.