10.05.2021, 13:20

Жер реформасы. Бес отырыс. Алуан ұсыныс

Фото: ашық дереккөз
ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 5 қаңтарында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қоғамды талай уақыттан бері мазалап жүрген жер мәселесіне нақты жауап берілді.

«...Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды».

ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 5 қаңтарында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қоғамды талай уақыттан бері мазалап жүрген жер мәселесіне нақты жауап берілді. Тоқымдай да жер шетелдіктерге сатылмайтынын қадап айтты. Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн екенін жеткізді. Президенттің тапсырмасына орай жер комиссиясы құрылып, бүгінге дейін бақандай бес отырыс өткізіп те үлгерді. Осы бес отырыста түйткілді мәселелер ортаға салынып, ұсыныстар тартылды. Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров 15,4 млн гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері анықталғанын айтты. Министр баяндағандай, 2016-2020 жылдар аралығында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өспелі қорытындымен 15,4 млн гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері анықталды, оның 5,4 млн гектары ауыл шаруашылығы айналымына қайта тартылып, 5,6 млн гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды. Ал 4,4 млн гектарды сот органдары арқылы алып қою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2019 жылы заңнамалық өзгерістер енгізілгеннен кейін, 2020 жылдың қаңтарынан бастап Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында ауыл шаруашылығы жерлерін ғарыштық мониторингілеу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. 2020 жылғы желтоқсандағы жай-күй бойынша аталған өңірлердегі пилоттық жоба аяқталды, - деді ол.

Жер комиссиясы шеңберінде талқыға салынған тағы бір мәселе – жерге орналастыру жұмысын лицензиялау және жерге орналастыру жұмысын қайтадан аттестациялау. Мамандардың айтуынша, жерге орналастыру мәселесі тікелей адамның өзіне байланысты. Қазір жерге орналастыру саласына мамандығы сай келмейтін, тәжірибесі мүлдем жоқ, тіпті бұл салада бір күн де қызмет етпеген адамдар жұмыс істеп отыр. «Bazarbek & Partners» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, заңгер, жер құқығының сарапшысы Бақытжан Базарбек егер лицензия енгізбесек, онда кемінде әрбір жерге орналастырушыға жылына бір рет аттестациядан өту шарттарын енгізу қажет екенін жеткізді.

Жер комиссиясының кезекті отырысында саясаттанушы Расул Жұмалы латифундистерге жерді жалға беруге ең жоғары шегін белгілеу керек деген мәселе көтерді. Оның айтуынша, бұған қатысты мәселенің екі түрлі әсері бар.

Меніңше, қазақ жерін жалдауға келгенде ең жоғары шегін белгілеу керек. Яғни, он мыңдаған гектар емес, 500 га-мен шектеле ме, әлде басқа межемен шектеле ме, осы мәселенің ең жоғары шегін белгілеу керек. Өз басым жердің жеке меншікке өткенін қолдаймын. Бірақ дәл қазір мұндай шешімнің қабылдануы қаншалықты қисынды және асығыстық болмай ма, ол жағын әлі де қарастыру керек. Сонымен қатар жалға алудың қосымша алғышарттарын жасау қажет, - деді ол.

Экономикалық жұмыс тобының басшысы Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығы жерлерін мұраға беру мен 49 жылға дейін жалдау мерізмі жайлы мәселе қозғады. Жұмыс тобына қатысқан ауыл шаруашылығы мамандары, агроөнеркәсіптік шаруашылықтардың басшылары да жалға беру мерзімін қалдыруға оң көзқарас танытқан. Жалпы халықаралық тәжрибеде де осындай мерзім қолданылады. Мысалы көршілес Ресей, Өзбекстан, Украина сияқты елдерде ауыл шаруашылығы жерлерін жалға 49-50 жылға беріледі.

Бұл мәселе қолданыстағы Жер кодексінің 40-бабы бойынша реттеледі. Конституцияға сәйкес, мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі және ол шектелмеуі тиіс. Нақтылап айтсақ, мұрагерлік мүмкіндігі жерді жалға берген мерзім шегінде ғана іске асады. Бұл ұсынысты қолдағандар – 25 адам, қарсы болған – 1 адам, - деді Ақылбек Күрішбаев.

Ал, Қазақстан фермерлер одағының президенті Жигули Дайрабаев 49 жалға берілген жердің мерзімі аяқталған соң мұраға қалдыру жөніндегі шешімді конкурс арқылы қабылдау бұрыс қадам.

49 жыл бойы жерді жалған азамат оған дәнін егіп, жанын беріп баптайды. Жердің өнім беруі үшін құнарлығын арттырады. Оның бала-шағасы бар, басқасы бар сол жерге терін төгеді. Жолын салады, суын шығарады. 49 жыл деген бір адамның ғұмыры, ол өмірден өтеді делік. Артында сол ауыл шаруашылығына иелік ететін балалары қалады. Енді оған барып, «әкең өтті өмірден, сен енді шаруашылықпен айналыспа, жеріңді байқауға саламыз», десек қалай болады.Ол жанұя үшін емес, жұмыспен қамтып отырса ауыл үшін трагедия. Ауылдың әңгімесімен ойнауға болмайды. Ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүргендер мен ауылдықтардың жоғары жақтағыларыға сенімі болуы үшін әр нәрсенің аражігін мұқият ажырату керек. Өзгеріс енгізуге құштар болмай, соларға жағдай жасауға мән берген жөн, - деді ол.

Жигули Дайрабаев осы ретте жер беру мәселесі коммерцияға айналып кеткенін еске салды.

Мысалы, шаруа қожалығы жерді алып, малын бағатын болса, ол жылына бір рет салығын төлейді. Енді неге ол әрбір бас сиыры мен қойға да салық төлеуі керек? Бағаларын қарасаң, әжептәуір. Соның бәрін бірыңғай тәртіпке келтірсек. Шаруа оңып жүрген жоқ, оған әрбір тиын қымбат. Бір бас қойға 169 теңге, ірі қараға (жылқы) 670 теңгеден алады екенбіз. Шаруалардың мал баққаны үшін салық алып, мемлекетті байытпай-ақ қойсақ деген ой бар, - деді ол.

Жайылым жерлердің құнарлылығы сақталуы үшін ол жерлерге көпжылдық шөп тұқымын себу мәселесі де жер комиссиясы аясында талқыланған өзекті тақырыптардың бірі болды. Қазақстанның Еңбек ері Сайран Буканов ауылдық округтер әкімдерінің бұл мәселеге мүмкіндігі жоқ екенін, не техникасы, не тұқымы жоқ екенін жеткізді.

Жайылым жағдайын ауылда тұратын адамдар біледі. Қанша жайылым жер берсең де, аз болады. Мәселе - жер тақырлығында жатыр. Себебі, жер 200-300 га болсын, таңда жайылымға шыққан табын бір жерде жайыла береді. Бұрындағы жайылым жерлерінде көпжылдық шөп өсетін еді. Олар 5-6 жылға дейін өседі, сонда жайылымға алқап та аз керек болатын. Қазір мұндай шөп жоқ, себілмейді. Халықтың да жайылым жер жоқ деп мәселе шығаратыны осыдан. Сондықтан, жайылым жерлерге көпжылдық шөп тұқымын себу керек,- дейді ол.

Жер мәселесіне қатысты түйткіл әлі де көп. Мәселе бес жиналыспен аяқталмасы анық. Кейбір мамандар жеке меншікке бермей-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға болатынын айтады. Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан жерге тауар ретінде қарап, экономикалық тұрғыдан ғана зерделемей, қазақтың менталитетіне де мән беру қажет, дейді. Оның сөзінше, Егер біз халық қалағандай шешім шығармасақ оның арты қоғамдық дағдарысқа апаруы мүмкін.

Айсұлу МАМАНҚЫЗЫ