24 сәуірде Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Sulpak дүкенінің маңында оталған ағаштарға қатысты іске үкім шығарды. Сотталушы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Алмалы аудандық соты ЖК өкілі Жанна Нұртаеваға қатысты істі ҚР ҚК 339-бабы 1-бөлігі "Өсiмдiктердің сирек кездесетiн және құрып кету қаупi бар түрлерін жою" бойынша қарады.
Сот Жанна Нұртаеваны Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 55-бабының 4-бөлігін қолдана отырып, 1500 АЕК мөлшерінде, яғни 4 миллион 167 мың теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындады. Айыппұлды төлеу мерзімі заңды күшіне енгеннен кейін екі ай деп белгіленсін, - деді судья.
Кейін ағаштардың кесілуіне байланысты қала әкімдігі өкілдері пікір білдіріп, 13 түп ағашты заңсыз кескендер жазаланғанын айтқан болатын.