Ақтөбедегі саяжайлардың біріндегі құрылысы бітпеген үйде ата-анасыз тұрып келген алты балаға ерікті азаматтар көмек көрсетті. Олар балаларды жалдамалы пәтерге көшіріп, тамақтандырыпты. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісіне Koba Legion деген атпен тіркелген қолданушы мәлімдеді.
"Шыныбековтер отбасының жағдайы туралы бүгінде бүкіл ел біледі. Саяжайда өте нашар жағдайда тұрып жатқан балалар қайырымды жандардың көмегінің арқасында құтқарылды. Біздің қыз-жігіттер де шет қалған жоқ, олар екі күн бойы сол үйде болып, көмек қолдарын созды. Екі жігіт қонуға қалып, күні-түні пеш жағып, үй жылытумен айналысқан. Осы уақыт аралығында киім, тамақ, ет әкеліп тастағандар болыпты. Қазір балалар еріктілер жалдаған пәтерге көшірілді. Мектептеріне жақын жерде. Оларды шомылдырып, тамақтандырғаны үшін Адильназға рахмет! Әкелері әліге дейін ауруханада жатыр, микроинсульт алған. Оның тезірек жазылып, балаларының жанына оралуына тілектеспіз. Аналарымен де байланыстамыз, жақын күндері ол үйіне оралады. Шыныбековтер отбасының балаларына арналған шот ашық, көмектесемін деген жандар болса мархабат", - делінген Facebook желісіндегі жазбада.
Айта кетейік, балалардың анасы Тараз қаласына жұмыс істеуге кеткен. Ол үйіне өте сирек келеді екен. Алайда, кей-кейде ақшалай көмектесіп отыратыны белгілі болды. Үйдегі балалардың бесеуі қыз, ең кенжесі 7 айлық ұл.