Атырауда хиджап киетін 8-ші сынып оқушысы Ақерке Аманжан оқу басталғалы мектепке кіре алмай жүр. Оның діни киімі мектеп талаптарына сай келмейді дейді педагогтар. Ал, өздерін дінге берікпіз деп есептейтін Ақеркенің ата-анасы 9 жасқа толған қыз баласы шариғатқа сәйкес орануы тиіс деген пікірде. Бұл туралы 31-арна тілшілері хабарлап отыр.
"Мені орамалыма байланысты мектепке директор мен мұғалімдер кіргізбей жатыр. Басқалар сияқты мен де мектепте оқығым келеді, үлгерімім жақсы, 4 пен 5-ке оқимын", дейді хиджапқа оранған жеткіншек.
Оның әкесінің айтуынша, басындағы орамалы болмаса үстіндегі киімі мектеп талаптарына толықтай сәйкес.
"Шариғат бойынша бас киім киіп жүру керек қой. Өзіміз намаз оқитын мұсылман болғаннан кейін мектепке бас киіммен кіруін талап етіп отырмыз. Қыркүйектің 1-нен бастап мектепке апарып жүрміз, кіргізбейді. Класына да кіргізіп жібердік, мұғалімдері шығарып жібереді", - дейді Ақеркенің әкесі Мақсот Ізбасаров.
Ал, Атыраудағы №21 мектептің мұғалімдері болса оқушылар талапқа сай киіну керек деген ұстанымда.
"Мектепке кіргізбей отырған жоқпыз, рұқсат беріп отырмыз. Мектеп табалдырығына дейін орамалын тағып келсін, бірақ мектепке кіргенде орамалын шешіп, өзге балалармен бірдей болып отырсын деп талап қойғанбыз. Бірақ, оны ата-ана дұрыс түсінбей отыр. Біз нұсқаулыққа байланысты жұмыс атқарып отырмыз, ішкі тәртібімізді ұстанып отырмыз", - дейді №21 мектеп директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары Балқаш Жақсиева.
Оның айтуынша, бұл министрліктен келген талап. Қазақстан зайырлы ел болғандықтан заң баршаға ортақ дейді ол.