Форт-Шевченко қаласының тұрғыны Каспий жағасында қырылып қалған бірнеше итбалықтың өлексесін суретке түсіріп алған. Аталған фотоматериалдар Lada.kz порталында жарияланды.
"18 қыркүйек күні Форт-Шевченко қаласының жағажайында өлі итбалықтарды байқадым. 50 метр қашықтықта 3 өлексе, тағы 500 метрде үш өлексе жатты. Жас итбалықтар емес, ересек, денелері ірі. Сондай-ақ, жағада тағы ондаған өлі балық жатты. Бұл не, тағы да теңіз суы уланды ма?", - дейді маңғыстаулық тұрғын суреттер астына қалдырған жазбасында.
Әзірге құзырлы сала мамандары, экологтар бұл жайт бойынша ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Айта кетейік, биыл наурыз айында Атырау облысындағы Каспий теңізінің жағасынан өлі итбалықтардың 40 тушасы табылған болатын. Бұл маңайда жаңа каналдың құрылысы жүріп жатқанын айта кету керек. Сондай-ақ, Жылыой ауданындағы Прорва мұнай-газ конденсатының кеніші де осы жерге жақын орналасқан.