Әлеуметтік желіде хиджабтағы белгісіз әйелдің жұмақтағы 70 хор қызы туралы айтылған видеосы кеңінен таралды. Ол ер адамды жұмақта 70 хор қызы мен 4900 әйел күтіп тұратынын, ер адамның о дүниеде төртеу емес, 70 әйелі болатынын сеніммен айтады. Аталған видеожазба ел арасында екіұдай пікір тудырып, дін мамандары да бұл жазбаға қатысты нақты пікір білдірген жоқ. Осы орайда тілшіміз дінтанушы Нұрлан Байжігітұлының пікірін сұраған болатын деп жазады, - nur.kz порталы.
Айта кетелік, әлеуметік желілерде тараған видеода хиджабтағы белгісіз әйелдің о дүниеде ер адамға берілетін ризық туралы айтады. Нақтылай түссек, ол еркектің о дүниеде төрт емес, 70 әйелі болатынын, бұл өмірде әйелі күйеуіне ұрысса, о дүниедегі хор қыздарының "ол сенің емес, біздің күйеуіміз" деп айтатынын жеткізген еді.
Бұл видеоға қатысты пікір білдірген дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы адамға ризық-несібенің молынан емес, аз-аздан жиналатынын айтады.
"Ризық-несібе, Алла тағаланың берекесі адамға аз-аздан беріледі. Ал кейбіреулер миллиондап қонады деп ойлайды. Егер ер адам жұмыс істесе, әйелі аздап демеу жасаса, сол жеткілікті. Бұл өмірде де, тірлікте де, бала тәрбиесінде де, бақытты болуға ұмтылуда да солай. Жақында тараған видеороликті көрдім. О дүниеде еркекті 70 хор қызы күтіп тұрады деген соң, барлығы хор қызын аңсап кетті. Хор қызы деген – дүниеде де, ақыретте де өзінің әйелі болады. Хадисте айтылады, егер өзінің бұл өмірде жалғасқан әйелі жақсы жар болып, құдайды таныса, о дүниеде 70 хор қызынан да сүйкімдірек болады дейді. Сондықтан, хор қызын аңсап жүргендерге айтарым осы. Осы өмірде әйеліңмен жақсы болып, бір-бірінің қадірін кетірмей, құдайды тану керек", - дейді имам.
Айта кетелік, бұған дейін Нұрлан Байжігітұлы "әмин" және "әумин" сөздерінің дұрыс-бұрыстығына тоқталған болатын.