Өскемендік отбасы халықаралық бағдарламамен шетел асқан ұлдарын таппай қалды деп жазады KTK. АҚШ-тағы ең беделді университетке 2007 жылы түскен Ержан Еліков оқуын бітіретін жылы елге оралмаған. Жалғызынан көз жазып қалған ата-ана ұлын сұрап «Болашақ» бағдарламасының Астанадағы бас кеңсесіне дейін барыпты. Бірақ ондағылар хабарсыз кеткен стипендиатты іздеудің орнына, қамкөңіл отбасыны сотқа беріп, жалғыз баспанасын сот арқылы тартып алған.
Ержанның анасы Зайния апайдың айтуынша, соңғы рет ұлы 2011 жылдың 8 наурызында хабарласып, мерекемен құттықтапты. Содан кейін із-түссіз жоғалған. Ата-ананың арыз жазбаған жері жоқ. Алайда, бірде-бір мемлекеттік орган Ержанды іздеуге көмектеспей отыр дейді ол.
Қазір 28 жасқа толған Ержан Еліков төрт жыл бойында үйіне үздіксіз қоңырау шалып отырыпты. Жазғы демалыс сайын да елге келіп жүрген. Сондықтан телефоны сөніп қалғанда, ата-анасы онша күдіктене қоймады. Бірақ елге оралатын уақыты жақындаған студент сол бойы жоғалған. Университеті де іздемеген. Қайта қатыспады деп оны сырттай оқудан шығарып жіберіпті. «Болашақтағылар» да байланысқа шықпаған студентті жүрдім-бардым қарап стипендиясынан айырып қоя салған.
Ержанның жоғалғанына осымен бесінші жыл. Ата-ана АҚШ-қа өзі іздеп барайын десе қалталарында қаржы жоқ. Қарапайым металургтың тапқан табысы, шетел асуға жетпейді. Одан қалды отбасы қазір далада қалған. Өйткені жалғыз пәтерін «Болашақтағылар» оқудың өтемақысы ретінде сот арқылы тартып алған. Ол аздай, тағы 20 миллион теңгені қарыз ретінде мойындарына артып қойған. Бірақ Еліковтер отбасы баспанасын алған «Болашақ» бәрінен бұрын баламызды қайтарса дейді.
Серік Еліков, Ержанның әкесі:
- «Болашақ» бағдарламасын ұйымдастырушылар баламды қайтаруы тиіс. Шетелге жіберген соң бас-көз болу керек емес пе? Бес жыл болды, жауап жоқ. Студентті іздеудің орнына, сот арқылы оқу ақысын өндіріп алды.
Бірақ, баланың тағдырына алаңдаған «Болашақ» жоқ. Әлемдегі 20-дан астам мемлекетке жыл сайын мыңдаған қыз-жігітті жөнелтетін мекеме Ержан енді біздің студент емес деп жайбарақат отыр.
Мейіржан Алпысбай, «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ вице-президенті:
- Ержан Еліков оқу үлгерімі нашарлаған соң, стипендиясынан айырылды. Қазір ол біздің студент емес. Қазір біз оларға сот арқылы қалған қаржыны өтеу туралы ескерту қағазын жібердік. Оның жоғалып кеткеніне біздің қатысымыз жоқ.
Ал, анасы жылай-жылай көздің жасын тауысқан. Бірнеше республикалық олимпиадалардың жүлдегері, қазақ-түрік лицейінің үздігі Ержан 18 жасында Алматыдағы заңгерлер академиясына грантқа түсіпті. Содан бірден «Болашаққа» барған. Қазақ баласы Пенсильвания штатындағы ең беделді университетте санаулы гранттың иегері атаныпты. Енді не өлі, не тірісін ешкім білмей отыр.