$ 494.87  520.65  4.91

«Бөлмеме белгісіз зат сеуіп кетті»: Назым Қызайбай қарсыласы Ангелина Лукас туралы шындықтың бетін ашты

Әйелдер боксын масқаралауға тырысып жатқан Ангелина Лукас пен оның бапкері Рахманбек Арғымбаевтың өтірігін ашатын сәт келді.

Бокстан әйелдер құрамасындағы жанжалдың бәсеңдейтін түрі жоқ. Жақында боксшылардың бірі Ангелина Лукас құрамадан шығарып жібергенін, оған кінәлі Қызайбай мен оның жақтастары екенін мәлімдеген болатын, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Еске салайық, бұдан алдын Ангелина Лукас өзінің Instagram парақшасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялаған болатын. Ол екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайды допинг қолданды деп айыптап, команда арасында қолайсыз жағдай болып жатқанын айтқан. Сондай-ақ, оның айтуынша, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев боксшыны ұлттық құрамадан себепсіз шығарып жіберген.

 Енді ол Instagram-да жаңа мәліметтерді жариялап, әділдік үшін соңына дейін күресетінін жазды.

Бұдан соң бокстан 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында чемпион атанған Бақыт Сәрсекбаев 2004 жылғы Олимпиада жеңімпазы, қазіргі Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Бақтияр Артаевқа үндеу жасады. Сәрсекбаев боксшы Ангелина Лукасты отандасы Назым Қызайбайға қарсы жекпе-жекке дайындайтынын мәлімдеген болатын. 

Осы оқиғалардан кейін мәлімдеме жасаудан бас тартып жүрген Назым Қызайбай ақыры өз шындығын айтуға шешім қабылдады. 

"Бүгін үнсіздікті тоқтатып, мені спортшы ретінде ғана емес, бүкіл қазақстандық әйелдер боксын масқаралауға тырысып жатқан Ангелина Лукас пен оның бапкері Рахманбек Арғымбаевтың өтірігін ашатын сәт келді. Деректер Лукас пен Арғымбаевтың жағдайды өздеріне ыңғайлы түрде көрсетуге тырысып жатқанын көрсетеді.

Бұл адамдар өздерінің әдепсіз және кез келген этикалық нормаға негізсіз ниетіне қол жеткізу үшін веб-қызмет пен басқа да БАҚ-тың көмегіне жүгініп жатыр. Блогерлер мен танымал спортшыларды итермелеп, мені және маған қатысы бар адамдардың іскерлік қатынасын теріс көрсетуге тырысып бағуда.

Ол бірнеше рет сыртымнан жала жауып, мен жайлы ақылға қонымсыз нәрселерді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялады. Бізді базадан қашып кетті, шетелдегі жарыс кезінде көшеге шығып, коронавирус жұқтырды деп айыптаған да солар. Ал негізінде шетелдегі жарыста ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен бас бапкер мен оның көмекшісі еді. Менің Лукас пен бапкеріне қарсы петиция жазғаным рас. 30 боксшының ішінде 22-і мені қолдады. Бұған себеп - Ангелина мен оның бапкерінің біз жататын бөлмеге белгісіз химикатты сеуіп кеткені. Бұл біздің өміріміз үшін қауіпті. Ертең ол менің тамағыма допинг салып жібермесіне кім кепіл?",- дейді Назым. 

Сондай-ақ, боксшы Лукас пен оның жаттықтырушысы, олардың жағына шыққан блогерлер мен спортшыларлардың бейнежазбаға мән бермегеніне қапалы. Оның айтуынша, жаттықтырушы Арғымбаевтың "белгісіз ақ түсті ұнтақты" спортшының бөлмесінің шыға берісіне шашпас бұрын дәлізде шамды бұрап жатқанын көруге болады. 

"Неге олар мұны жасады? Ангелина мен оның жаттықтырушысы қандай мақсатты көздеді? Осыдан кейін бірге тұратын спортшылармен жайсыздық сезініп , нәтижесінде медициналық мамандарға көмекке жүгінуге тура келді", - дейді Қызайбай.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары