11.10.2016, 03:27

ОҚО-ның Ташкент тас жолында жыл басынан бері 28 адам ажал құшқан

Соңғы уақытта жиі жол апаттары орын алған ОҚО-дағы Ташкент тас жолында жыл басынан бері 43 жол көлік оқиғасы орын алып, 28 адам көз жұмыпты. Тағы 79 жолаушы түрлі дене жарақаттарын алған. Ал, бір жыл бұрын дәл осы тас жолда 51 адам ажал құшқан болатын деп жазады Informburo.kz.

Естеріңізге салайық, қыркүйектің 19-22 күндері аралығында Алматы-Ташкент-Термез тас жолында үш бірдей ірі жол апаты орын алған болатын. Салдарынан 12 адам қайтыс болып, 20-сы жарақат алды. Тағы бір оқиға 23 қыркүйек күні болды. Абырой болғанда, адам өлімі тіркелген жоқ. Ал, полиция қызметкерлері жол көлік оқиғаларының бәріне көлік жүргізушілерінің өздері кінәлі екенін айтып отыр.

"Жол көлік оқиғаларынан кейін жүргізілген тексерулердің барысы көрсеткендей, барлық апатқа адам факторы себеп болған. Яғни, жүргізушілердің жол ережесін өрескел бұзуы салдарынан осындай қайғылы жайттар орын алды. Дегенмен, жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстары да жүргізушілердің жол ережесін бұзуына итермелеуі мүмкін", - дейді ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Балтабек Абылаев.

Бірнеше адамның өмірін жалмаған жол апаттары үшін бірқатар полицей жазаланыпты. Атап айтқанда, ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің батальон командирі қатаң сөгіс алған. ЖПП-нің үш инспекторы қызметінен босатылды. Сондай-ақ, жолдың осы бөлігіне жауапты тағы екі тәртіп сақшысы жұмысқа шыққан бойда босатылады. Олар қазір денсаулығына байланысты дмалыста.