$ 494.87  520.65  4.91

Салафит-лаңкес Руслан Күлекбаев өз ісіне өкінбейтінін мәлімдеді

Алматыда полиция бөлімшесіне қарулы шабуыл жасап, алты адамды атып өлтірген Руслан Күлекбаев бүгін сотта өз ісіне өкінбейтінін айтты. Ол жасаған қылмысын толық мойындап отыр деп жазады Tengrinews.kz.

Ол сонымен қатар, Жансүгіров көшесінің бойындағы "Аят" қонақ үйінің алдында жезөкшені атып өлтіргенін мойнына алды.

Күлекбаев сот отырысы барысында лаңкестік әрекетін қалай жүзеге асырғанын толықтай баяндап берді. 18 шілде күні жезөкшені өлтіргеннен кейін ол Алмалы аудандық сотының ғимаратына келген екен.

"(...) Мен сот ғимаратының маңында біраз күтіп отырдым. Прокурорлар мен судьяларды күттім. (...) Таңертең ол жерге адамдар көп келе бастады. Барлығы қарапайым адамдар болғандықтан атқаным жоқ. Бейбіт тұрғындарды өлтіргім келмеді. Сондықтан, мен сот ғимаратына кірмей, Алмалы аудандық полиция бөлімшесіне бардым. Онда телефонмен сөйлесіп тұрған ер адамды көріп, әңгімесінен полицей екенін түсіндім де атып салдым. Мұнан кейін ішке кіріп, күзетте тұрған полицейді көрдім. Ол қаруын алмақ болған сәтте оны да атып тастадым", - дейді Күлекбаев.

Лаңкестің айтуынша, полиция ғимаратында өзге ешкім болмаған. Ататын полицей таппаған соң ол далаға шығып, бірінші кезіккен көлікке отырып жүріп кетіпті.

"Мен оған тіке жүруді талап еттім. Полиция патрулі бар жерге тоқтауын сұрадым. Қаланы жақсы білмеймін. Біз патруль көлігін көрдік, мен автомобильде отырып оларға қарай оқ аттым. Одан әрі Байзақов көшесіне түстік те, жоғары қарай тіке жүріп кеттік. Ол жерден тағы бір патруль көлігін көрдім. Аттым, полицейлер қарсы оқ жаудырды. Атыс болып, мен екі полицейді өлтірдім", - дейді Күлекбаев.

Мұнан кейін лаңкес ІІМ зейнеткерін кездестірген. "Оның қолында іс-қағаздар папкасы бар еді. Қарапайым тұрғынмын деді өзін. Бірақ, қалтасында қызметтік куәлігі бар екен, оны да атып тастадым", - деп сөзін жалғастырды радикал қылмыскер.

Дәл осындай әдіспен Күлекбаев шекарашыны да ажал құштырған. Кейін таксиге отырып, Абылай хан даңғылына барыпты. Ол жерде де патрульдік көлікті көріп, полицейлерге қарай оқ жаудырған.

"Ең соңғы атысқаным Галиев Аян болды. Ол мені бірінші болып атты. Оның оғы маған, менің оғым оған тиді", - деген лаңкес, оқиға болар алдын алматылық кәсіпкерлердің бірін тонағанын да жасырмай өз мойнына алды.

Айта кетейік, Руслан Күлекбаев бұған дейін екі рет сотты болған. Түрмеде ол салафизм ағымының өкілдерімен танысып, олармен тығыз қарым-қатынас ұстаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары