25.10.2016, 11:17

Ақтөбелік әйел үш баласын тастап, Сирияға соғысуға аттанған

Ақтөбе тұрғыны үш бірдей баласын тастап, Сириядағы соғысқа аттанған. Бұл туралы Tengrinews.kz порталы хабарлап отыр.

Сотқа "жиһадшыл" әйелдің күйеуі арызданып келген. Ол жарының ұзақ уақыттан бері Сирияда екенін мәлімдепті. Ер азаматтың айтуынша, екеуі 2005 жылы үйленген екен. Отбасында кәмелет жасына толмаған үш бала бар. Ең кішісі небәрі төртте.

2013 жылдың наурыз айында үш баланың анасы Алматыға кетіп қалған. Одан әрі Қырғызстан асып, Сириядан бір-ақ шығыпты. Бұл туралы әйелдің өзі телефон арқылы күйеуіне мәлімдеген. Алайда, содан бері еш хабар жоқ дейді арызданушы ер азамат.

"Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, әйелдің үстінен терроризм мен экстремизмді насихаттады, лаңкестік топтардың қатарына енді, діни алауыздық тудырды деген айыптармен қылмыстық іс қозғалған. Оған 2016 жылдың 11 наурызында халықаралық іздеу жарияланды", - делінген Ақтөбе облыстық соты таратқан хабарламада.

Сотта мәлім болғандай, экстремист әйел қазақ-қырғыз шекарасын жаяу кесіп өткен.