27.10.2016, 09:26

Прокурор Руслан Күлекбаевты өлім жазасына кесуді сұрады

Алматыда лаңкес Руслан Күлекбаевтың соты бүгін де жалғасын тауып, тараптар пікір алмасты деп жазады Tengrinews.kz сот залынан. Оған лаңкестік жасады, қару-жарақ сақтап, қарақшылықпен айналысты деген айыптар тағылуда.

Сот отырысына жәбірленуші тараптың ондаған туысы келді. Сондай-ақ, айыпталып отырған 6 адамның да жақындары аталған процеске қатысты. Прокурорлар алтауының да кінәлары дәлелденгенін айтуда. Руслан Күлекбаев адамдарды атып өлтірген қару-жарақ сыбайластардың арасында еркін айналымда болған. Күлекбаевтың сыбайластары лаңкестік әрекет жайында біле тұра оны тоқтатпаған дейді мемлекеттік айыптаушы.

Прокурор процесс барысында Күлекбаев пен оның сыбайластары жасаған қылмыстардың бәрін тізіп шығып, лаңкестіктің басты себебі - халықты үрейлендіру мен құқық қорғаушылардан кек алу болғандығын мәлімеді.

Оның айтуынша, кәсіпкер Мещеряковқа шабуыл жасалар кезде Әсембекұлы, Сапарбеков және Күлекбаев бір пәтерді жалдап тұрған. Кейінірек Күлекбаев Аят қонақ үйінің алдында жезөкшені атып өлтіріпті. Бұл қылмыстан кейін ол лаңкестік әрекетін жүзеге асырған.

Прокурор айыпталушылардың ешбіріне де жазасын жеңілдетуге болмайтынын айта отырып, судьядан Руслан Күлекбаевқа өлім жазасын беруді сұрады.

Сонымен қатар, мемлекеттік айыптаушы өзге күдіктілерді де кінәлі деп тауып, Лю Рафикті 9 жылға, Сапарбековті 12 жылға, Әсембекұлы мен Құсайыновтың әрқайсысын 11 жылға және Әбдімомынды 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.