Железин ауданына қарасты Алакөл ауылындағы орталық көше жолын жөндеу ісі мұңға айналды. Мердігерлер 20 жыл бойы жөндеу көрмеген жолды қалпына келтірудің орнына оны жүруге жарамайтын қылып тастады, деп хабарлайды inbusiness.kz арнасы.
Ауыл тұрғыны Август Ерштің айтуынша, қазіргі уақытта орталық көшенің бойымен өту мүмкін емес. Оның тегіс емес екені былай тұрсын, құм мен арамшөптің үстіне құйылған асфальт опырылып түсіп жатыр. Сондықтан тұрғындар бұл көшені айналып өтуге тырысады.
Павлодар облысы бойынша Жол активтері ұлттық сапа орталығының инженері Марат Валиев те ауыл ішіндегі жолдың ешбір талапқа сай келмейтінін айтады. Алакөл ауылдың округі әкімінің міндетінің атқарушы Темірхан Багжиков мердігер компания жұмысшыларының жүктелген міндетті асығыс атқарғанын атап өтті. "Біз қарағандылық мердігер компаниямен тамыз айында келісімшарт жасаған едік. Бірақ қосалқы мердігер компанияның жұмысшылары ауылға 10 қыркүйек күні бір-ақ келді. Дайындық жұмыстарын аяқтамастан асфальт төсеуге кірісті. Үш күн бойы түн ішінде жұмыс істеді. Біздің тарапымыздан айтылған ескертулерді ескермей, жол белгілерін орнатты", – дейді Темірхан Багжиков.
Мердігер компания өкілі Ваге Агабикян кемшіліктің орын алуын материалдың аздығымен байланыстырды. 10 қарашаға дейін жолды толығымен жаңартуға уәде берді.
Айта кетейік, бұл жолды жөндеуге 23,6 млн теңге қарастырылған болатын. Бірақ жергілікті билік өкілдері бұл соманың бір теңгесі де мердігер компанияның шотына аударылмағанын хабарлады. Қабылдау алу актісіне де әзірше қол қойылмаған екен.