Қарағанды облыстық ІІД-нің шұғыл іздестіру тобы облыс аумағындағы су қоймаларының бірінен із-түсіз жоғалған 40 жастағы Астана тұрғыны Ерболат Жақсыгелдиннің көлігін тапты. Автомобиль салонында марқұмның азаптап өлтірілген денесі болған. Ол 21 қыркүйек күні Астанадан Қарағанды қаласына қарай жолға шыққан екен.
"Шұғыл іздестіру жұмыстары барысында 30 қазан күні криминалды полиция өкілдері Қарағанды облысы Абай қаласының 30 жастағы тұрғынын күдікті ретінде анықтап, оны қолға түсірді. Ұсталған ер азамат 23 қыркүйек күні өз үйінде Ерболат Жақсыгелдинді өлтіргенін мойындап отыр. Қылмысын жасыру үшін ол марқұмның көлігіне мәйітті салып, оны су түбіне батырып жіберген", - дейді Қарағанды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-тармағы "Кісі өлтіру" бойынша іс қозғалды.
Айта кетейік, Ерболат Жақсыгелдин 21 қыркүйек күні жоғалып кеткен болатын. Ол осы күні телефон арқылы әйелімен сөйлесіп, ары қарай өз көлігімен Қарағандыға бет алыпты. Мұнан кейін ер азамат байланысқа шықпаған. Марқұмның артында екі ұлы қалды.