Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы елшісі Шахрат Нұрышев өмір бойына сотталған қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбайды елге әкелуге бар күшін салатынын мәлімдеді.
"ҚХР түрмелерінде сот шешімін күтіп Қазақстанның үш азаматы отыр. Оның бірі - Ақжарқын Тұрлыбай. Қазақ қызын есірткі тасымалымен айналысты деп айыптап, соттаған болатын. Дегенмен, Қытай соты бұл істі қайта қарауға келісті, енді кезекті сот отырысы ертең өтеді", - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәжілісінде елші Ш.Нұрышев.
Оның айтуынша, жерлесімізді экстрадициялаудан бұрын сот оған үкім шығаруы керек. Тек содан кейін ғана оның жазасын Қазақстанда өтеу мәселесін көтеруге болады.
"Сот шешімінсіз экстрадицялау мүмкін емес. Тек сот соңғы сөзін айтқаннан кейін ғана біз екіжақты келіссөздер жүргізіп, қызды Қазақстанға қайтару мәселесін қарастырамыз. Үмітіміз басым. Өйткені, бұған дейін Қытайда сотталған Қазақстанның 12 азаматын елге қайтарып, құқық қорғау органдарына тапсырдық. Қазір тағы 12 азаматымыздың тағдыры бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл тізімде Ақжарқын жоқ, өйткені, оған әлі сот үкімі шыққан жоқ", - дейді елші.
Айта кетейік, қазақстандық елшілердің жүргізген жұмысының арқасында Ақжарқынның үкімі бұзылып, Қытай соты оны қайта басынан қарауға келісті.