Жыл сайын Қазақстан Республикасының қарулы күштерінің қатары көктемгі және күзгі әскери шақырылымдары кезінде жас сарбаздармен толығатыны белгілі. Жауынгерлерді әдетте бір өңірден екінші өңірге жіберіп жатады. Биыл қазан айында басталған күзгі әскери шақырылымға Маңғыстау облысынан Қапшағайдағы әуе әскери күштерінің сапына 47 жас сарбаз аттанды. Әскери бөлім басшыларының айтуынша, жастардың денсаулықтарында еш ақау жоқ. Олар өз өтініштері және ата-аналарының келісімі бойынша Қапшағайдағы бөлімге аттанған.
Сарбаздарды шығарып салу рәсіміне олардың ата-аналары, туыстарымен бірге 10-шы сынып оқушылары да қатысты. Мақсат – өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімдердің дәнін егу. «Арман» орталығында өткен салтанатты шараға сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева келіп, жас өрендерге ақ жол тіледі.
«Бұл жердегі жас балалардың ұлттары әр түрлі. Яғни, біздің Қазақстанның күші – бірлікте. Бәлкім, біздің діни көзқарастарымыз да әр түрлі шығар... Бірақ, бәріміздің көздегеніміз бір, ол – татулық, ауызбіршілік және бейбітшілік. Біз біреумен соғысқалы жатқанымыз жоқ. Елбасымыз айтқандай, біз бейбіт халықпыз, бірақ өз жерімізге біреудің басымдық жасауына, халқымызда басқаруға жол ермейміз. Ал, ол ең алдымен мына сіздердің өолдарыңызда. Бүгін сіздер шақырылыммен кетіп бара жатсыздар, ертең мойындарыңызға мына бейбіт өмірімізді қорғау секілді ауыр жүк түседі. Ол міндетті сіздер абыроймен өтеп шығатындарыңызға біз сенімдіміз», - деді облыс әкімінің орынбасары жас сарбаздарды шығарып салу барысында.
Бану Нұрғазиеваның айтуынша, әскерде борышын өтеп келген жастардың тәртібі, мінезі біршама өзгереді екен. «Олар отан қорғауға кез-келген уақытта дайын тұрады» дейді ол.
Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы да аталған салтанатты жиынға келіп, отан алдындағы борышын өтеуге кетіп бара жатқан жастарды құттықтап, оларға ақ жол тіледі. Ол жас сарбаздардың жауапкершілігі мол екенін, жүздеген жігіттің ішінен іріктеліп алынғанын, бойларында патриоттық сезімнің басым екенін айта отырып, олардың ата-аналарына ерекше алғысын айтты.