29.11.2016, 03:44

Таразда 200 отбасы мемлекеттен үй алғандарына өкініп отыр

Айтуларынша, ипотекамен берілген пәтерлер жыл өтпей жатып бүлінген. Яғни, алғашқы қардың өзінде төбеден су ағып, қабырғалары көгеріпті. Тіпті, жылу да жөнді берілмей тұрғындар бүрсең қағып отыруға мәжбүр деп жазады КТК.

Жарнамасы жер жарған су жаңа үйлердің қазіргі сыйқы адам көргісіз. Төбеден су ағып тұрғындар пәтер ішінде тұрғындар қолшатыр ұстауға мәжбүр. Бөлме ішіне су аққаны өз алдына, қабырғалары да көгерген. Бұған наразы бұқара енді мемлекеттік бағдарлама негізінде баспана алғандарына өкінеді.

Бұл пәтерлерді жалпы саны екі жүзге жуық отбасы биыл көктемде алған. Бүгінде шатырдың сапасыз екені белгілі болып отыр. Яғни үй жабындысы жөнді жабылмай, еріген қар суы ішке аққан. Қабырғалардың да көгеруіне сол себеп дейді. Ал, жылудың жетпей жатқанын тұрғындар түсінбей дал.

Сумен алысып әлекке түскен жұрт жауаптыларға бірнеше мәрте арыз түсіргенімен көптің жанайқайына құлақ асқан тірі пенде болмаған. Ал, мердігер шатырдың сапасыз жабылды дегені бекер дейді. Айтуынша, жабындыға қатқан мұз балкон арқылы ішке еріп құйылған. Енді мұзды уатып жағдайды реттеп бермек. Ал, қабырғалардың көгеруіне су құбырындағы апат себеп екен. Яғни, ақаудан жылу уақытылы берілмей, көп қабатты үй мұздап қалған.

Шамшидин Розиев, «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС бас инженері:

-Жылуды уақытысында бере алмай қалдық. Жылытып үлгере алмай қалдық, Тұрғындардың сөздерін есепке алып, жәрдем етуге тырысып жатырмыз.

Дегенмен құрылыс компаниясы кеткен кем-кетікті өз қаржыларына жөндеп беруге уәде етті. Тіпті, қалпына келтіру жұмыстарына бүгіннен кіріскен.