30.11.2016, 09:55

Маңғыстауда жоғалып кеткен ер адам туралы ақпарат берген жанға 1 млн теңге сыйақы беріледі

Осыдан екі апта бұрын із-түссіз жоғалып кеткен маңғыстаулық Қайыржан Қызылғұловты табуға көмектескен жанға оның туыстары 1 миллион теңге сыйақы беретінін мәлімдеді. Бұл туралы жоғалған азаматтың әпкесі Сара Қызылғұлова Lada.kz порталына берген сұхбатында айтқан.

"Әзірге бізде мүлдем ақпарат жоқ. Маңайды іздеуге әскери сарбаздар көмектесіп жатыр. Бірақ, біз қайырымды жандардың бәрінен көмек сұрағымыз келеді, бізге Қайыржанды даладан іздеуге көмектесетін еріктілер керек. Ауылдың өзі шағын болғанымен маңай өте үлкен. Еріктілердің ас-ауқатын өзіміз көтереміз", - дейді Сара Қызылғұлова.

Естеріңізге салайық, Қайыржан Қызылғұлов 19 қараша күні Түпқараған ауданындағы Аташ ауылында орналасқан жұмыс орнына кетіп, содан қайта оралмаған. Ол жұмыс істейтін ғимарат алдынан көлігі мен құжаттары табылған. Артынша жақын маңайдан Қайыржанға тиесілі күртеше де табылды. Дегенмен, өзі туралы мүлдем дерек жоқ.