Василий Чирков 17 жыл бойы құлдықта болып, еңбекке жегілген. Биыл жазда құтқарылып, бостандыққа шыққан ол әлі күнге дейін өзінің ескі құжаттарын жаңасына алмастыра алмай жүр. Бұл туралы informburo.kz порталына оның келіні Галина Линкевич мәлімдеген.
"Бұл кісі жарты жылдан бері қалада тұрып келеді. Бірақ, ешбір медициналық тексерістен өте алмай жүр, өйткені төлқұжаты жоқ. Біз ешқандай емханаға барып тіркеле алмаймыз, тіпті, зейнеткерлікке де тіркемей жатыр. Сонда біз оны не үшін құтқардық, ол бәрібір еш қорғаусыз. Ол енді не істеу керек, қайтадан тегін еңбекке жегілуі тиіс пе?", - дейді Галина Линкевич.
Айта кетейік, соңғы 17 жылдан бері Василий Чирков өлілердің санатына жатқызылып келген. Туыстарының қолдарына тіпті, оның өлгендігі туралы анықтаманы да берген екен. Алайда, 2016 жылдың жазында ер азаматтың тірі екені туралы хабар келіп түскен. Туыстары дереу полицияға арыз жазып, тәртіп сақшылары теміртаулық тұрғынды бостандыққа шығарады. Қазір құлдықта болған Василий келінінің қолында тұрып жатыр. Ұлы болса бірнеше жыл бұрын қайтыс болып кеткен екен.
Галина Линкевичтің айтуынша, олар қандай мекемеге барса да Тәуелсіз Қазақстанның кезінде жасалған құжаттарды талап етеді екен. Ал, В.Чирковтың қолында тек КСРО заманынан қалған ескі құжаттары бар.
"Не істерімді білмей тығырыққа тіреліп отырмын. Оның тірі екенін әзер дәлелдеп едік. Енді елдегі бюрократияның кесірінен құжаттарын ала алмай жүрміз. Тірі болса да құжат жүзінде ол әлі өлілердің қатарында. Бармаған жеріміз қалмады, бәрі түрлі сылтаулармен шығарып салады. Қазір өзі де шаршады, бір құлдықтан шығып, екінші құлдыққа тап болғанын айтып отыр", - дейді В.Чирковтың келіні.