Хромтау ауданына қарасты Бөгетсай ауылында болған Бердібек Сапарбаев соңғы жылдары елімізде бәсекелестіктің артқанын айта отырып, нәтижесінде нан мен ет өндірісінің көлемі ұлғайғандығын мәлімдеді.
"Бәсекелестіктің дамуы – базардағы бағаның шарықтап кетуіне жол бермейтін бірден-бір амал. Етті, сүтті, нанды барынша көп өндіруіміз қажет. Ор өзенін де тиімді пайдаланған жөн, маңайына егін егіп, біздің аймақты дамытуларыңыз керек", - деді Ақтөбе облысының әкімі ауыл халқына.
Сапарбаевтың айтуынша, тек қант пен шай өндірісімен тоқтап қалуға болмайды. Ауыл халқы өзін-өзі барлық азық-түлікпен қамтамасыз ететін жағдайда болу керек.
"Өкінішке қарай, біз қазір бәріміз дайын асқа үйреніп алдық. Ауылда нанды, етті, сүтті, жұмыртқаны сатып алып жеу деген дұрыс емес, ұят. Әрбір ауыл тұрғынында бұл тамақтың бәрі өз үйінде болуы керек. Біздің келіндеріміз еріншек болып кеткен. Бірақ, жағдай реттеледі деп үміттенемін. Біз өзімізді өзіміз қамтамасыз етуіміз қажет", - деді Б.Сапарбаев.