Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысында қаза болған жұмысшылардың жақындары мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхаттың мәтінін Президенттің баспасөз қызметі жариялады.
– «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының цехында болған апат салдарынан қазаға ұшыраған жұмысшылардың отбасылары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетуді тапсырдым, – деп жазылған Мемлекет басшысының жеделхатында.
Сондай-ақ, Қарағандыда «АрселорМиттал Теміртау» жұмысшыларының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды деп хабарлады өңірлік ПД баспасөз қызметі.
Іс Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі («Тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан қауіпсіздік талаптарын бұзу») бойынша тіркелді.
– Оқиға орнында Теміртау қаласының полиция департаменті мен ПБ жедел-тергеу топтары жұмыс істеуде. Мән-жайлар анықталып жатыр, – деді Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.
Одан бөлек, төтенше жағдайды тергеумен арнайы комиссия айналысу үстінде. Қазіргі уақытта ТЖ орнында Қарағанды облыстық ТЖД 27 құтқарушысы мен 7 техника бірлігі, сондай-ақ, «Серіктес Өрт Сөндіруші» ЖШС-ның 10 жұмысшысы мен екі техника бірлігі жұмылдырылған.
Оқиға орнында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, ТЖД және өнеркәсіптік қауіпсіздік басшылары да бар.
Еске салайық, «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында төрт адамның өліміне әкеп соққан оқиға жұмыс істемейтін жылу пешіндегі отқа төзімді кірпішті бөлшектеу кезінде болған еді. ТЖ салдарынан төрт адам қаза тауып, бір адам ауруханаға жатқызылды.