14.11.2016, 05:16

Тыныштықты торитын «Жас сақшылар»

Шымкентте полицейлер үшін үлкен қолғабыс жасайтын «ЖАС САҚШЫ» жастар жасағы іске кірісті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жұмысын бастаған жасақ енді полицейлермен бірігіп қоғамдық тәртіпті қадағалауға өз септігін тигізетін болады.

Игі бастама ел егемендігінің мерейтойында жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сай құрылып отыр. Бұл шара жастарға үлкен міндет жүктеп отыр. Десек те олар қызметке кіріспес бұрын 5 күндік арнайы семинар сабақтарынан өтуі тиіс. Жастар мұнда құқықтық, психологиялық даярлықтан өтіп, алғашқы медициналық көмек және өзін-өзі қорғау тәсілдерін меңгеруі тиіс.

МҰСАБЕК ЗҰЛЫПХАРОВ - ОҚО ІІД ЖПҚ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бүгінгі іс-шара Шымкент қаласында құқық бұзушылықты алдын-алу мақсатында облыстық әкімшілік жастар басқармасымен бірлесе отырып Абай,Әл-Фараби,Қаратау,Еңбекші бөлімдерінің учаскелік полиция испекторларымен қоғамдық көмекшілерді әр ауданға 100-адамды жұмылдырып жатырмыз. Арнайы сабақ кестесі түзіліп 5 күн бойы облыс көлемінде семинар сабақ өткізіледі.

Қазіргі таңда бұл шараға 500- ге жуық жас тартылып отыр. Полиция көмекшілеріне арнайы логотип жазылған күртешелер мен арнайы сөмкелермен қамтамасыз етілген. Сондай –ақ, қызметтік куәліктер де бар. Полиция көмекшілерінің қатарын 30 жасқа дейінгі азаматтар құрай алады. Ал, алатын айлық көлемі орта есеппен 30-35 мың теңге көлемінде. Алдағы уақытта мұндай бастамалар облыстың барлық аймағында жалғасын таппақ.