Биыл полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам дабыл келіп түсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық – өзекті мәселелердің бірі. Өйткені, отбасы тыныштығы – қоғамның тұрақтылығы. Сондықтан, бұл мәселені Мемлекет басшысы ерекше назарына алып, бірқатар тапсырма берген болатын. Атап айтқанда әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық және балаларға қарсы ауыр қылмыстар үшін жаза қатаңдады. Полицияның осы мәселемен айналысатын бөлімшелері нығайтылды. Жәбірленушімен жұмыс тәсілдері қайта қаралды», - деді министр.
Оның атап өтуінше, осы жұмыстың нәтижесінде бұл мәселеге қоғамның көзқарасы өзгерді.
Зорлық-зомбылық құрбандары мұндай фактілер туралы белсенді хабарлай бастады. Биыл полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам дабыл келіп түскен.
«Олардың көпшілігі Шымкент, Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында орын алған. Бірақ, жартысынан астамы бойынша полиция тиісті шара қолдана алмады. Өйткені, полиция оқиға орнына келген кезде жәбірленушілер өтініш беруден бас тартқан. Олардың көлемі 62 пайызды құрады», - деді Марат Ахметжанов.