9 желтоқсанда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында белгілі дәрігер-гастроэнтеролог Юрий Шумковты қатігездікпен өлтіру оқиғасына байланысты үшінші сот отырысы өтті, деп хабарлайды Stan.kz.
Сот отырысында судья Шумковқа қастандық жасаған сәтті көрген – куәгер қыздан жауап алды.
"Таңертең мен жұмысқа бара жатқанмын. Көлігімді осы тұраққа қойып жүргеніме он жылдан асты. Автотұраққа келген кезде тарс еткен дыбысты естідім. Жақын жерде вулканизация болғандықтан, дыбыс сол жақтан шыққан шығар деп ойладым. Көлігіме отырған сәтте бет-аузы қанға боялған адамды көрдім. Оның жүрісі де біртүрлі еді, зомби секілді", - деп еске алады куәгер.
Қыздың айтуынша, ол дәрігер Шумковқа көмектесу үшін көліктен түспек болған. Бірақ сол сәтте куәгер қолында мылтығы бар ер адамды көреді – ол капюшоны бар киім киіп алған еді.
"Ия, ол мұның барлығын өте сабырлы түрде жасады. Өз ісін толығымен аяқтау үшін асықпай жүріп келе жатты. Ол өте сабырлы түрде мылтығын қайта оқтады, дәл солай сабырмен көтеріп, шімірікпестен тура бетінен атты. Кісі өлтіргеннен кейін ол артына қарамай, сабырлы түрде тұрақтан шығып кетті", - дейді қыз.