23.01.2023, 10:00

«Қазақшылығымыз қалып бара жатыр» - Ұлықпан Жолдасов

Фото: видеодан скриншот
2000 жылдан бастап жастар орыстанып бара жатыр.

Қазақстандық композитор, продюсер Ұлықпан Жолдасов қоғамда өзін толғандыратын өзекті мәселелер жайлы айтты. Асхат Садырбайдың бағдарламасына келген өнер иесі қоғамнан қазақилықтың жоғалып бара жатқаны мен тіл мәселесін, ер мен әйелдер арасындағы ашық-шашық киім кию стилінің қазаққа жат екенін сөз етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Қазақшылығымыз қалып бара жатыр. Баяғыда бір-біріміздің үйімізге емін-еркін кіре беретін едік. Есікті ашып, әңгімемді айтып кететінбіз. 70-80-90 жылдары сондай еді. 2000 жылдары ұялы телефон шыққалы өзгере бастады. "Хабарласпайды ма?", "Неге келе салады?" деп жақтырмау басталды. Бұрын жақтырмағаныңа қарамай, ағайын кіріп келе беретін еді. Қоғамда жастар қатты жалаңаштанып бара жатыр. Қыздар мен әйелдер жайына қалды. Қазір жігіттер көйлегін кіндікке дейін ашып қояды.

Мен "Көйлекті шешіп қоя сал" деймін. Осыған дейін ондай болмаған, бүкіл ішек-қарынын көрсету ер адамға біртүрлі сияқты. Біздің қазақи әдепке жат. Тіліміз жоғалып бара жатыр. Менің таңқалатыным, Шымкенттегі жастардың өзі қазақша сөйлемейді. Тілі бұратылып, қазақша сөйлейді. Қазақи жердің өзі осылай болса, не боламыз? 2000 жылдан бастап жастар орыстанып бара жатыр. Арасында әскерде үйренген бір-екі ауыз орысша сөздер кетсе, өзімді "Неге сөйледім" деп қинаймын. Бәрін бүлдіріп жатқан - ғаламтор", - деді Лұқпан Жолдасов.